МТРА жаңалықтары

Облыс әкімінің есеп беру кездесуі өтті

Биыл өңірдегі көпбалалы аналарға берілетін әлеуметтік төлемдер көлемі екі есеге артпақ. Бұл туралы облыс әкімі өзінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде мәлімдеді. Жалпы, жиынға келіп, аймақ басшысына сауалдарын қоямын деген халықтың қарасы қалың болды.

2018 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің барлық салаларында өсім байқалады. Өткен жылы облыста 4 сүт-тауарлы кешен қолданысқа беріліпті. Биыл тағы 3-уі тапсырылмақ. Теріскейдегі құс фабрикаларында да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Сөйтіп, олардағы жұмыртқа өндірісі 16,3 пайызға өсіпті. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз республикада үшінші орынға тұрақтады. Соңғы кездері өлкедегі тұралап тұрған кәсіпорындардың тамырына қайтадан қан жүгірту шаралары мықтап қолға алынды. Туризм саласы да назардан тыс қалмаған.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Елбасының қолдауы арқасында «Шалқар-Имантау» курорттық аймағы еліміздегі 10 үздік демалыс орнының қатарына енді. Бұл инвесторларды тартуға септеспек. Бүгіннің өзінде «Шалқар су» санаторийін қалыпқа келтіру үшін қалталы азаматтар қаржы құюға дайын. Тіпті, 1 млрд теңге қаржы бағытап та үлгерді. Сондықтан, алдағы уақытта ол жерде бюджеттік мекеме қызметкерлері мен ардагерлер қолжетімді бағамен демалысын өткізе алады.

Солтүстікқзақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту бағытында да қыруар шаруа тындырылуда. Өткен жылы өңір тұрғындарының жалақысы 6,1 пайызға артқан. Ал ай сайынғы мемлекеттік көмекті теріскейдегі 6 мың 700-ден астам көпбалалы ана алады екен. Биыл оларға берілетін әлеуметтік төлемдер көлемі екі есеге артпақ.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар алатын бірреттік әлеуметтік көмек мөлшері 2 есеге артады. Ал 4 не 5 баласы бар алтын құрсақты аналарға алғаш рет бірреттік төлем төлеу жүйесі енгізіліп отыр. Бұл біздің өңірде ғана жүзеге асырылмақ. Көпбалалы отбасылардан шыққан 3600-ден астам оқушы тегін тамақпен қамтылса, тағы 1300-ден аса колледж студенті әлеуметтік төлемдерге ие болған.

Соңғы 3 жыл ішінде облыс аумағындағы 1900 км жол жөндеу көрген. Биыл бұл жұмыс жалғасын таппақ. Сөйтіп, 705 шақырымды қалыпқа келтіру көзделуде. Ол үшін 37,4 млрд теңге қаржы бағытталып отыр. 2018 жылы 38 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылыпты. Биыл ондай ауылдардың қатары тағы 29-бен толықпақ. Жиын барысында өңір жетекшісі қол жеткізген жетістіктерді ғана тізбектей бермей, кемшін кеткен тұстарды да айтып өтті. Бүгіндері теріскейдегі емдее мекемелеріндегі құрылғылардың 62 пайызының тозығы жеткен. Осы ретте Құмар Ақсақалов қарапайым ғана мысалды келтіріп өтті. Облыстағы жалғыз МРТ аппараты 11 жыл бұрын алынған екен. Әбден ескірген қондырғы жиі істен шығатын көрінеді. Тағы салада кадр тапшылығы байқалады. Сондықтан, бұл олқылықтардың орнын толтырар кез келді деген аймақ басшысы медицина бағытына биыл 4 млрд теңге қаржы қарастырылғанын жеткізді. Ол жаңа құрылғылар алуға мүмкіндік бермек. Баяндаманы аяқтап болған соң аймақ басшысы тұрғындардан жазбаша түрде келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Басым бөлігі Колл-орталыққа хабарласқан солтүстікқазақстандықтардың өтініштері екен. Жалпы, ол арқылы 200-ден астам азамат хабарласыпты. Негізінен сауалдар жол жөндеуге қатысты болды. Көп уақытты алмас үшін өңір жетекшісі бұл сұрақтарға сайтта жауап жарияланатындығын жеткізді.
Кейін залға базыналарын арқалап келген тұрғындарға кезек берілді. Петропавл қаласының іргесіндегі Шаховское елді мекенінің халқын айта-айта жауыр болған жол мәселесі алаңдататын көрінеді.

Зәуре Қалмұрзина – Шаховское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Елді мекенге кіре беріс жолдың жағдайы өте нашар. Сол қашан жөнделеді?

Жанат Сәдуақасов – Қызылжар ауданының әкімі:

– 50 млн теңге қаржы бөлінді. Биыл аяқтаймыз.

Ал Аққайың ауданы Астраханка елді мекенінің тұрғыны Айман Әбілмәжінова мұнда келген жаңа селолық округ әкімінің ықпалынан жұмысынан айырылған. Өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек еткен азаматшаның айтуынша атқамінер қарамағындағыларға күн көрсетпеген көрінеді.

Айман Әбілмәжінова – Астраханка ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Маған ғана емес, әкім барлық селолық округ аппаратында жұмыс істейтіндерге күн көрсетпеді. Сондықтан барлық қызметкерлер өтініш жазып, жұмыстан кетіп қалды. Мен осы істі қарау үшін аудандық әдеп жөніндегі уәкілге барған болатынмын. Бірақ, іс қозғалар емес. Оның үстіне, мен енді жұмысқа орналаса алмай отырмын. Осы мәселені шешуге көмектессеңіздер екен.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Арнайы комиссия мен қадағалаушы орган өкілдері ауданға барып, осы і сті жіті қарастырсын. Облыс әкімінің аппарат басшысына жағдайды тексеруді тапсырамын.

Бұдан соң петропавлдықтар аутист балаларға арналған оңалту орталығын салу, тұрғын үй мәселесі бойынша бірқатар сұрақтар қойылды. 2 жарым сағатқа жалғасқан кездесу соңында кей солтүстікқазақстандықтардың сауалдарын тыңдау үшін облыс әкімі оларды жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Солардың бірі – Рахима Қызбекова. Ол 2008 жылы Шал ақын ауданынан қалаға көшіп келіп, мүгедектігі бойынша үй кезегіне тұрған. Бірақ, 10 жыл өтсе де зейнеткерге әлі баспана бұйырмапты.

Рахима Қазбекова – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Үй жалдап тұрамын. Пенсиям аз. Коммуналдық ақы төлеп, дәрі-дәрмекке қана жетеді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Баспана мәселесі көпті алаңдатады. Бірақ, сізге уақытша үй қарастырамыз. Кезегіңіз келгенше.

Кейін әкімнің қабылдауына көпбалалы ана Марина Никулина келді. Петропавл қаласының тұрғыны апаттық үйде тұратын көрінеді.

Марина Никулина – Петропавл қаласының тұрғыны:

–  Біз 4 қожайынға арналған үйде тұрамыз. Қазір бір бөлігі қирап қалған. Онда 2 отбасы ғана тұрмыс кешеді. Баспана суық. Оның үстіне мен туған 6 балам үшін алуы тиіс алтын алқама қол жеткізе алмай жүрмін. Өйткені, құжаттар рәсімдеу қиын. Осы құжаттардың дұрыс болмауынан жәрдемақыдан да қағылып отырмын.

Мұндай қағазбастылық болмауы тиіс деген өңір жетекшісі қарамағындағыларға жағдайды реттеуді тапсырды. Өйткені, бүгіндері көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мығым.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Қазір жәрдемақылар көлемі артқан. Сондықтан, сіз алтын алқаға қол жеткізгеннен кейін бірреттік төлемақы беріледі. Биыл оның сомасы да екі есеге артып отыр. Бұдан бөлек, көпбалалы ана ретінде үй кезегіне де тұра аласыз.

Жалпы, бұл күні облыс әкімінің қабылдауына келгендер қатары қалың болды.

Мағжан Ахмадина