Білім

Әскери журналистиканы дамыту жайы сөз болды

Елімізде әскери журналистерді даярлайтын жоғарғы оқу орындары жоқ. Сондықтан, бұл мамандықты меңгеру үшін түлектер өзге елде білім алуға мәжбүр. Аталған мәселе алдағы уақытта шешіле ме? Бұл туралы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да өткен дөңгелек үстел отырысында сөз болды.

Еліміздегі әскери журналистиканың бастауы мен дамуы ҰОС кезеңімен тұспа-тұс келеді. Майдан шебінде жаумен арпаласыпы жүріп, тілшілер жауынгерлердің ерліктерін халыққа жеткізген. Басылымдардағы мақалалардың барлығы аталған тақырыпта өте сауатты жазылды. Алайда, бүгінде бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен журналистер өте аз. Тіпті, саусақпен санарлық деуге де болады. Сондықтан, білікті мамандарды дайындау мәселесі қазіргі таңда өткір тұр. Алдағы уақытта Ұлттық Ұлан проблеманы шешпек ниетте екен.

Қуаныш Қожахметов – ҚР ҰҰ Бас қолбасшылығының өкілі, әскери журналист, Астана қаласы:

– Былтырғы жылдың соңында ЕҰУ Ұлттық Ұланмен бірлескен конференция өтті. Оның барысында жоғарғы оқу орында әскери журналистика аудиториясы ашылды. Ал, биыл осындай бөлім ашпақ ниеттеміз. Осылайша әскери журналистерді дайындайтын боламыз.

Ал, әзірге қазақстандық әскери журналистер Ресей Федерациясында даярланады екен. Олар аталған мамандықтың қыр-сырын 5 жыл бойы меңгереді. Қазір ресейлік Қорғаныс Министрлігінің әскери университетінде елімізден 4 студент білім алуда. Ал, екі тілші елге оралып, қызмет етіп жатыр. Сондықтан, осы салада сауатты жаза алатын журналистерді оқыту мәселесіне қазір теріскейліктер де мән беруде.

Александр Кириченко – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Әскери кафедрасының профессоры:

– Бүгінгі таңда өңірде бірде-бір әскери тақырыпта шығарылатын мерзімді баспасөз жоқ. Алайда, дәл біздің аймақта ҰҰ Әскери институты мен бірнеше әскери бөлімдер жұмыс істейді. Яғни, аталған сала мамандары өте көп. Сол себепті, газет шығарса деген ойымыз бар.

Бұл ретте әскери тақырыпты меңгеріп, сауатты жазатын тілшілерді даярлау ісіне М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «Журналистика» кафедрасы да ат салысуға дайын.

 

 

Эльмира Садвокасова