Құқық қорғау органдары

СҚО-да “Шетелдік” жедел-алдын алу шарасы өтті

Өңірде ақпанның 18-і мен 20-сы күндері аралығында “Шетелдік” атты жедел-алдын алу шарасы өтті. Аталған рейд барысында полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған 145  өзге ел азаматын анықтаған. Тағы, мемлекетаралық іздеуде жүрген қылмыскерді тапқан.

Жедел-алдын алу шарасы кезінде полицейлер қаламыздағы базарларды, транзиттік автокөліктерді, құрылыс алаңдары мен шетелдік адамдар көп жүретін орындарды тексеріпті. Нәтижесінде мамандар 140-тан аса құқық бұзушыны анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Роза Жүкенова – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:

– Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 145 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 138-і ҚР халықтык көші-қон шеңберіндегі заңнаманы бұзғаны үшін 517 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 6 шетелдік ел аумағынан шығарылды.

Жедел-алдын алу шарасы барысында тәртіп сақшылары құқық бұзған шетелдіктерді ғана емес, Қазақстан азаматтарын да анықтапты. Мәселен, мамандар 3 күннің ішінде сырттан келген жандарды тіркемеген немесе заңсыз жұмыс істеткен 50-ден аса адамды жазалаған.

Роза Жүкенова – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:

– ҚР 518-ші бабымен ҚР 57 азаматы жауапкершілікке тартылды. Тағы, заңсыз түрде шетелдік еңбек көзін пайдаланғаны үшін ҚР 6 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, жыл басынан бері ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 376 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Оның 17-сі сот шешімі бойынша ел аумағынан шығарылған.

Култанов Байболат