МТРА жаңалықтары

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев Киров атындағы зауытта болды

Бүгін  күндіз  өңірге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев келді. Облысымызға жасаған жұмыс сапары барысында вице-премьер Киров атындағы зауытта болды. Онда Асқар Жұмағалиев қазіргі күні жасалып жатқан және болашақта әзірленетін бұйымдармен танысты.

Бұл – Киров атындағы зауыттың №2 цехы. Мұнда мамандар қос қабатты баспа платаларын әзірлеп жатыр. Нақтырақ айтсақ, қызметкерлер түрлі салада қолданылатын дүниелерді монтаждауда. Заманауи туындылар мен залдағы қондырғылар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке таныстырылды.

Наталья Кожемякина – “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ инженер-технологы:

– Мына қондырғыны 2017 жылы орнаттық. Құрылғының көмегімен өнімділік 10 есеге артты. Әрі баспа платаларының сапасы жақсарды. Неге десеңіздер, қондырғы барлық істі автоматты түрде жүргізеді. Ол мұндағы кординаттарды дұрыс белгілейді.

Қондырғының іске қосылуымен мамандардың жұмысы едәуір жеңілдепті. Олардың әрқайсысы қазір күніне 16 платадан әзірлейді екен. Ал, бұрындары жасалатын бұйым саны төмен болыпты. Кейін, Премьер-Министрдің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке басқа да дүниелер таныстырылды. Оның біразы әскери салада қолданылады.

Амангелді Арғымбаев – С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ бас директоры:

– Біз жаңғыртылған командалық-штабтық машиналарды шығарамыз. Одан бөлек, мобильдік, радиожелілік және тропосферлік стансаларды әзірлейміз. Бұл дүниелер қазіргі таңда әскери салада сыналып жатыр. Қолданысқа маусым айында берілмек. Олардың басты ерекшелігі, ақпаратты алыс қашықтыққа жеткізеді.

Жиналғандардың назары мына соңғы үлгідегі нысанаға да ауды. Бүгінде мұндай әскери дүние Қазақстанның өзге аймақтары түгілі Ресейде де әзірленбейді екен. Оны қазіргі таңда сатып алуға Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан сынды елдер қызығушылық білдіріп отырған көрінеді. Тағы, осы жерде локомотивтік радиостанция да келушілердің назарына ұсынылды. Аталған дүние поезд жүргізушісі мен диспетчерлер арасындағы байланысты қамтамасыз етеді.

Амангелді Арғымбаев – С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ бас директоры:

– Мұндай радиостанцияға “Қазақстан темір жолы” АҚ ықылас танытып отыр. Оларға төл туындымызды наурыз айында таныстыратын боламыз. Жалпы, биыл аталған ұйыммен әріптестік орнаттық. Қос тарап / құны 1,6 млрд теңгені құрайтын құжатқа қол қойдық. Алдағы уақытта байланысты одан әрі дамыту ойда бар.

Асқар Жұмағалиевке Киров атындағы зауытта келешекте жасалатын заттар да таныстырылды. Соның бірі – газдың, судың, жылу мен электр энергиясының көлемін дәл есептейтін “ioton” атты бұйым. Бұл дүниені астаналық компания өкілдері мамыр айынан бастап жергілікті кәсіпорын базасында жасамақ. Тың туындының құны шетелдік баламасынан әлдеқайда арзан болады.

Қуаныш Қырықбаев – «Қазақстанның ТҮКШ дамыту және жаңғырту орталығы» АҚ бас әзірлеушісі, Астана қаласы:

– Халыққа бағасы жағынан өте тиімді. Мәселен, Қытайда, Францияда және Ресейде жасалған құралдардың құны – 40 мың теңге. Ал, біздікінің құны 10 мың теңгеден аспайды.

Негізі мұндай дүниені әр пәтерге немесе көпқабатты үйге ортақ орнатуға болады. Қондырғы сол нысаннан ақпаратты жинап E-SHANYRAQ атты бірыңғай ақпараттық жүйеге жібереді. Кейін, осы қосымшаға тұрғындар кәдімгі смартфоннан кіріп, өздері тұтынған коммуналдық қызметтермен таныса алады. Киров атындағы зауыттан соң, вице-мремьер Петропавл ауыр машина жасау зауытына соғып, өндіріс ошағының жұмысымен танысты.

 

Култанов Байболат