Мәдениет

Петропавлда “Таңшолпан” облыстық ән байқауы өтті

Өнерлі жастардың сайысы. Петропавлда жас әншілер арасында “Таңшолпан” облыстық байқауы өтті. Талантты өрендердің бағын ашатын жарысқа өңірімізден 30-дан астам дарынды қатысты.

Сахнада бірінші болып өнер колледжінің студенттері Арлан Ақаев пен Серікбол Жақсылық өнер көрсетті. Олар қазіргі эстрада жұлдызы Бауыржан Ретбаев орындап жүрген “Саған ғашық” әнін шырқауда. 18 жастағы дарындыларды көрермендер жылы қарсы алды. Осыған дейін жеке-жеке ән салған олар 2 апта бұрын ғана дуэт құрған екен. Ал бүгін алғаш рет бір сахнада өнер көрсетіп отыр. Ең қиыны, әнді екі дауысқа бөлу болған екен. Соған қарамастан, жеңіске деген үмітіміз мол дейді жас таланттар.

Арлан Ақаев – байқауға қатысушы:

– Біз Бауыржан Ретбаевтың “Саған ғашық” әнін орындап шықтық. Жақсы орындадық деп ойлаймын. Биыл жолымыз болады деген үміттеміз.

Бұл байқауда “Derois” тобы басқаларынан ерек. Олар халық композиторы Дәулеткерейдің “Қосалқа” күйін акапелла түрінде, яғни еш сүйемелдеусіз орындап жатыр. Ал қатысушылардың түрлі тастармен көмкерілген әдемі костюмдері көздің жауын алады. Назарбаев Зияткерлік мектебінің атынан өнер көрсетіп жатқан топ 5 адамнан құралған.

Назар Мұхамеджанов – байқауға қатысушы:

– Бүгін біздің топ алғаш рет өнер көрсетіп жатыр. Мен 2016 жылдан бастап қатысамын. Біздің тобымызда әрқайсысының өз рөлі бар. Мен болсам әнге битбокс жасаймын.

Сондай-ақ, сахна төрінде шетел әншілерінің туындылары да шырқалды.

Жалпы, бүгін “Таңшолпан” облыстық сайысының ақтық кезеңі. Өнер додасына қатысуға 60-қа жуық ұл-қыз өтініш берсе, финалға олардың тек 30-ы ғана өткен екен. Дәстүрге айналған сайыс биыл осымен 10-шы рет ұйымдастырылып отыр. “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” демекші байқауда өздерін үздік көрсеткен қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталады.

 

Молдир Шаяхмет