Спорт

“Құлагер” ХК-ын “Ертіс” құрамасы тағы да сан соқтырды

“Құлагер” ХК мен “Ертіс” құрамасы қарымта кездесулерін өткізді. Қос команда да жартылай финалға жолдама алу үшін аянып қалмады.

Өткендегі қателіктерін қайталамау үшін бұл жолы құлагерліктер барларын салып, жылдамдықтарын үдетті. Қарсылас құраманың қақпасын айналшықтап, бірнеше соққы да жасады. Бірақ, нәтижесіз. Қанша тырысқандарымен, ертістіктердің қақпаларының сызығынан шайбаны асыра алмады. 1-периодта ұтымды сәттер құлагерліктерге жиі ұшырасты, бірақ мүмкіндіктерді олар пайдалана алмады. Ал қолдаушылар болса, жерлес команданың жеңетініне сенді.

– “Құлагер” бұл ойында қалайда болсын жеңуге тиісті. Біздікілер 3 те 2-мен ұтады.

– Біз – құлагерліктердің жанкүйерлеріміз, 2-1 есебімен басым түседі деген ойдамыз.

Келесі периодта павлодарлықтар ойын тізгінін өз қолдарына алды. Әдемі пастармен алмасып, құлагерліктерге шайбаны алуларына мүмкіндік бермеді. Никита Титовтың берген пасын тура қақпа аузына бағыттаған Филонов мүлт кетпеді. Ойынның 14-ші минутынан аса бергенде есеп ашты. Никита Титов бұл жолы да жарады. Өз құрамасының қоржынын тағы бір голмен толықтырды. Ертістіктер шайбаның артынан шайба салып, есепті 0 де 3-ке жеткізді.

Ойынның соңғы периодтында да жерлес құрама айдын қонақтарына ешқандай қайрат көрсете алмады. Соңғы минуттарда әупірімдеп жүріп бір шайбаны әзер салды. Ал ертістіктер болса матчтың бітуіне 9 секунд қалғанда тағы гол соқты.

Сонымен есеп 1-4. Осылайша плей-офф кезеңінің 2 кездесуінде құлагерліктер айдын қонақтарына есе жіберіп алды. Айта кетейік, жартылай финалға жолдама алу үшін “Ертіс”-тің мүмкіндігі зор, олар енді келесі ойында жеңіске жетсе жарысты ары қарай жалғастырады. Ал құлагерліктер 3 матчты ұтулары керек. Енді қос команда ақпанның 23-і күні Павлодар қаласында арадағы 3-ші кездесуін өткізбек.