Қоғам

Петропавлда «Бәрі де ана бір өзіңнен басталады» атты аналар форумы өтті

«Қыз өссе – елдің көркі». Сол себепті, қазақ халқы қыздың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, жат жұрттық екендігін санасына құйып өсірген. Оған үлкендер үлгілі ана, адал жар болудың сырын үйретіпті. Бүгіндері бұл істі облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесі жалғастыруда.

Ең алдымен шараға қатысушылар қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Мұнда қыз-келіншектерге арналған қазақы әшекей бұйымдар, киізден жасалған сөмкелер, ұлттық киімдер мен құрақ көрпелер жайғастырылған. Соңғыларын Райхан Күлмаханова жасапты. Оның тігіншілікпен айналысқанына 6 жыл болған.

Райхан Күлмаханова – қолөнер шебері:

– Көрпелер, құрақ көрпелер, шай көрпелер тігеміз. Ауылдардан да адамдар келеді. Мектептер, балабақшалар келеді. Қазақша оюлардан саламыз. Олардың түрі көп қой. Оларды өзіміз пішіп, тігеміз.

Мұндай көрменің өткізілуі тектен-тек емес дейді шараны ұйымдастырушылар. Олар жастар ұлттық құндылықтарымызды білуі керек деген пікірде. Қазақ қыздары ибалы да инабатты, апа-әжелерінің тәрбиесін бойына сіңіріп өсуі қажет. Яғни, қыз бала шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ерекше тәлім алған.

Күлімкөз Смайылова – Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы:

– Ең бастысы, қазақ қызына жанын сақтауға үйреткен екен анасы мен әжесі. Содан кейін иманын, ақылын, кейін тұрмысқа шығар кезде ерін сақтауға, мал табар қылуға, ерін қадірлеуге үйреткен. Содан кейін нәрестесін сақтауға ерекше көңіл бөлген. Сондай қыздар әрқашан сыйлы болған. Ондай әйелдер ұрпағына да соны сіңірген.

Сондықтан, форумның мақсаты – нақ осы қасиеттерді өсіп келе жатқан қыздардың бойына сіңіру. Жиын барысында ақ жаулықты аналар сөз сөйледі. Ал жүзін жасырып, есімін Әлия деп өзгерткен мына нәзікжанды сүйіктісінің «сүйдім-күйдім» деген сөзіне алданып, оқу бітірісімен-ақ, екіқабат болып қалған. Ата-анасы қарсы болған соң ол баласын алдыртып тастамаққа бел буады. Біра,қ кейін шешімін өзгертіп, Петропавлдағы Аналар үйінен пАна тапқан. Қазір баласы 1 жастан асыпты.

Әлия:

– Сол үйде тұрып жатырмын қазір. Оқу оқыдым, жұмысқа тұрдым. Көп нәрсеге үйретті.

Әлия кішкентай сіңлілеріне келекшекте өзінің қателігін қайталамай, ақылды болуға кеңес берді.
Шара соңында жиылғандар С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма театрының ұжымы әзірлеген «Ана» атты қойылымды тамашалады.

Магжан Ахмадина