МТРА жаңалықтары

Облыстық ардагерлер кеңесі өткен жылды қорытындылады

Былтыр 800-ге жуық солтүстікқазақстандық қарт / санаторлық-курорттық емделуге жолдама алған. Тағы, 1 мыңнан астам жерлесімізге экскурсия ұйымдастырылыпты. Олар арнайы әзірленген шара барысында Астана мен өңіріміздің көрікті жерлерін және мәдени ошақтарын аралаған.

Аға буын өкілдері – қоғамның алтын діңгегі. Себебі, қазіргі күні / өмірден көрген-түйгендері мол, білікті де білімді жандар ерінбей еңбек етіп жүр. Мәселен, былтыр өңіріміздің қазыналы қарттары біраз шаруа тындырыпты. Соның бірі бастауыш ардагерлер ұйымдарында есеп беру-сайлау науқанын өткізу болып табылады.

Ескендір Елеусізов – СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Өткен жылы ең басты істеген жұмысымыз – бастауыш ардагерлер ұйымдарында есеп беру-сайлау науқаны өтті. Оған біраз адамдар қатысты. Жаңадан келген төрағалар сайланды. Бізде 500-ден аса бастауыш ардагерлер ұйымы және 300-ден аса цехтық бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Соның барлығында тиісті жұмыстар тындырылды.

Былтыр теріскейлік ардагерлер үшін 58 экскурсия өткізіліпті. Оған 1 мыңнан аса ардагер қатысып, Астана қаласы мен өңіріміздің көрікті жерлерін және мәдени ошақтарын аралаған. Тағы, облыс орталығы мен аудандарда аға буын өкілдеріне арналып концерттер жиі ұйымдастырылыпты. Сонымен қатар, өткен жылы қариялардың денсаулықтарын жақсартуға да көп көңіл бөлінген екен.

Ескендір Елеусізов – СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Былтыр 17 969 ардагердің тұрмыс жағдайына бақылау жүргізілді. Олардың 783-і санаторлық-курорттық емделуге жолдама алды. Сондай-ақ, қарттар тарапынан түрлі мәселелер бойынша 3 мыңнан аса шағым түсті. Сауалдардың басым бөлігі оң шешімін тапты. Одан бөлек, ҰОС ардагерлеріне 100 АЕК көлемінде төлем жасалды.

Ардагерлер кеңесі қарттарды қараусыз қалдырмау бағытында елеулі еңбек етуде. Былтыр аталған ұйым “Жерлестер кездесуі” атты жобаны қолға алыпты. Бұл бағдарлама аясында облыс орталығына көшіп келген жандар үшін концерттік бағдарлама ұсынылады екен.

Анатолий Корабельников – СҚО ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Петропавлға ауылды жерлерден қарттар көшіп келіп жатқаны мәлім. Қариялар қоныс аударған кезде өздерін қараусыз қалдық деп сезінеді. Міне, біз осыны болдыртпау үшін былтыр 6 бірдей аудандағы ардагерлер кеңестерімен кездесу өткіздік. Жиындарда ұйым мүшелеріне сол аймақтардан облыс орталығына көшкен жерлестеріміздің басын қосып, концерт беру жайын ұсындық. Олар бастамамызды қабыл алып, мерекелік шара өткіздік.

Анатолий Корабельниковтің айтуынша “Жерлестер кездесуі” жобасы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Кеңейтілген кеңес барысында республикалық байқау жеңімпаздары марапатталды. Баяндай кетейік, өткен жылы шығармашыл ардагерлер арасында Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған “Ғасыр ғажайыбы – Астана” атты сайыс ұйымдастырылыпты. Бұл конкурста бірнеше солтүстікқазақстандықтың мерейі үстем болған.

Әдия Ахметова – СҚО ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі:

– Жалпы, байқауға 13 жерлесіміз өздерінің туындыларын жіберген болатын. Олардың 3-уі сайыстың жеңімпазы атанды.

Жалпы, сөз соңында статистикаға тоқталсақ, бүгінгі күні өңірімізде 105 мыңға жуық зейнеткер тұрып жатыр. Оның 7 мыңы – жалғызбасты жандар.

 

Култанов Байболат