Балалар

М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде жастарға арналып семинар ұйымдастырылды

М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде жастарға арналып семинар ұйымдастырылды. Шараға білім ордасының төменгі курс студенттері қатысты.Жиында түрлі тиімді жобалар таныстырылып, отбасылық құндылықтар тақырыбы қозғалды.

Үстіміздегі жылды Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылы деп жариялаған болатын. Бұл ресми түрде қаңтардың 23-і Астана қаласында өткен ауқымды жиында айтылды. Енді биыл жастар алдында биік мақсат-міндеттер тұр.

Құндыз Малгаждарова – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінің құқық пәні мұғалімі:

 – Жастарды бүгінгі еліміздің болашағы деуге болады. Бүгін колледжімізде “Рухани жаңғыру” бағдарламасы бойынша іс-шара өткізіліп жатыр. Бүгінгі шарада студенттер өздерінің сұрақтарын қойып, көп мәлімет алады деген ойдамын.

Дөңгелек үстел отырысы барысында облыстық мәслихаттың депутаты Екатерина Старостина сөз алды. Нәзікжанды студенттерге түрлі жобалар мен бағдарламалар жайлы түсіндіріп, тиімді тұстарын айтып өтті. Мәселен, “Zhas Project” республикалық жобасы қазіргі таңда жастар арасында кеңінен танымал. Былтыр осы бастама аясында өңірде 400-ге жуық ұл-қыз өздерінің бизнес-жоспарларын құрып, конкурсқа ұсыныпты. Солардың ішінде тек 62 жұмыс үздік деп танылған екен.

Екатерина Старостина – облыстық мәслихаттың депутаты:

– Осыған орай әр жобаға 1 млн теңгеден қаржы бөлінді. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Енді олар өздерінің бизнес-жоспарларын іс жүзінде жүзеге асыра алады. Сондықтан, барлық ұл-қыздарға жасқанбай, осындай жобаларға көбірек атсалысу қажет деп ойлаймын.

Қазіргі таңда жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласатыны белгілі. Дәлірек айтсақ, бүгінде өңірімізде еріктілер саны күн сайын артып келеді. Олар көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі шараларға құлшына атсалысады.
Махаббат Байдалина – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінің 2-курс студенті. 1 жылдың көлемінде волонтерлықпен айналысып келеді. Осы аралықта қарттар үйіне бірнеше рет барып, қажетті көмек түрін көрсеткен екен.
Сонымен қатар, ол былтыр қараша айында Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына да қатысыпты. Махаббат аталған шарадан үлкен әсер және мол тәжірибе алдым дейді.

Махаббат Байдалина – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінің студенті:

– Онда біздің Елбасымыз бен Ресейдің Президентін қарсы алдық. Осындай шараға қатысқанымды мақтан тұтамын. Бүгінгі шара маған өте ұнады. Себебі, маңызды тақырыптарды талқыладық.

Сондай-ақ, шара барысында отбасылық құндылықтар тақырыбы да кеңінен талқыланды. Студенттер 2 топқа бөлініп, жанұя туралы мақал-мәтел айтудан жарысты. Ал жиын соңында жастар Елбасының туындылары жайғасқан кішігірім көрмені тамашалады.

 

Молдир Шаяхмет