Спорт

“Құлагер” ХК “Ертіске” есе жіберді

“Құлагер” мен “Ертіс” кезекті рет кездесті. Ақпанның 19-ы күні кешке бітіспес қарсыластар плей-офф кезеңіндегі 3-ші ойындарын өткізді. Бұл матчта павлодарлықтардың жолы болып, айдын иелерін тас-талқан етіп ұтты. Осылайша теріскейлік жігіттер жанкүйерлерін тағы да жерге қаратты.

Ойын басталысымен құлагерліктер қарсылас команданың қақпасын қарқынды шабуылдады, дегенмен ертістіктердің тас қамал қорғанысын бұзу мүмкін болмады. Әп-сәтте қонақтар шайбаға иелік етіп, қарымта шабуыл жасаған еді шайба қақпашы Трифоновтың қақ шекесіне тиіп, оны есеңгіретіп тастады. Кейін соққының артынан соққы жұмсаған ертістіктер период аяғына 13 минут қалғанда әуеге асырып лақтырылған шайбаны қақпаның аузына бірақ кіргізді.

Бірақ, мысы басылмаған құлагерліктер бірер секундтан кейін есепті теңестірді. Евгений Попитичтың салған шайбасы жанкүйерлердің делебесін қоздырып, аяқтарынан бірақ тұрғызды.

Алайда, қуаныш ұаққа созылмады. Бірер минуттан соң “Ертіс” жігіттері қарсыластарының қорғаушыларын алдап өтіп қақпаға тағы бір шайба салды. Қарқындарын үдеткен айдын қорнақтары мұнымен тоқтап қалмады. Шайбаның артынан шайба салып, есепті 1:4-ге жеткізді. Қолдаушылар болса қақпашының алаңғасарлығына ашуланды.

– Қақпашыны ауыстыру керек. Мұндай қақпашымен біз ешқайда шыға алмаймыз. Енді не айтайын, сенемін. Жеңетін шығармыз келесі жолы.

– Біздікілер контратакадан жеңіліп жатыр. Қорғаныстарын күшейтсе жеңер еді.

Бірінші үзілістен кейін де айдын иелері жақсы ойын көрсете алмады. Қарсылас жақтың шабуылдарын тойтара білмеген құлагерліктер бір емес, қатарынан үш бірдей шайбаны өткізіп алды. “Ертіс” құрамасының ойыншысы Титов бұл ойында өзінің мергендігімен көзге түсіп, дубль жасады.

Жағдайды аз да болса түзеу керек. Осыны түсінген құлагерліктер қарқынды шабуылға көшіп, қақпаға соққыларын алма-кезек бағыттады, бірақ “Ертіс”-тің қақпашысынан айлаларын асыра алмады. Сондықтан болар, жергілікті жігіттер қызуқандылық танытып, қонақтарға жұдырық ала жүгірді.

Мұндай жағдай 3 периодта да жалғасты. Жерлес команда шайба соғудың орнына ашуға мініп, ертістіктерді жаппай құлатуға көшті. Олар бұған қарамастан матч аяғына дейін құлагерліктерді қақпа маңына жақындатпады. Ойын есебі 2:7.

Глеб Казаченко, “Құлагер” ХК қақпашысы:


– Ойын біз үшін қиынға соқты. Қателіктерге бой алдыртып, бірнеше шайбаны өткізіп алдық. Бір сөзбен айтқанда біз бұл кездесуге дайын болмадық. Қарсыластарымыз -мықты команда. Қарымта ойында оларды жеңуге тырысамыз.

Қос құрама арасындағы кезекті кездесу бүгін кешке өтеді.