МТРА жаңалықтары

Илья Старухинге қатысты сот үкімі шықты

Қоғамда резонанс тудырған істің нүктесі қойылды. Өткен жылы екі қызды көлігімен соғып кеткен Илья Старухинге қатысты бүгін қалалық сотта үкім шығарылды.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Қайғылы оқиға дәл осы жерде өткен жылы қыркүйектің 15-і орын алған болатын. Таңғы 4-тер шамасында түнгі клубтан шыққан Ксения Овсянникова мен Татьяна Балабанды «Лексус» көлігі соғып кетті. Жол апатынан кейін темір тұлпарды тізгіндеген Илья Старухин бірден ізін суытса, екі бойжеткен ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, нәзікжандылардың бірі сол күйі тіл тартпай кетті. Ксения Овсянникованың артында екі жасар қызы қалды. Ал, Татьяна Балабан болса, ауыр жарақат алған. Оны ұзақ уақытқа созылатын оңалту шаралары күтіп тұр.

Бұған қарамастан нәзікжанды айыпталушы тараппен бітімгерлікке келді. Осылайша, оған қатысты сот процесі аяқталды. Сондай-ақ, марқұм Ксения Овсянникованың бұрынғы күйеуі де Илья Старухинмен келісімге келіп, соттың азаматқа жеңіл жаза тағайындауын сұраған. Яғни, бас бостандығынан айырмауды өтініпті.

Әсем Жаналина, Петропавл қалалық сотының судьясы:

– Илья Старухинге қатысты жазаны жұмсартатын тағы бірнеше фактор бар. Ол – айыпталушының кішкентай қызы мен жұмыс орнынан берілген мінездеме. Алайда, азаматтың құқық қорғау органдарына өз еркімен келгені бұл жағдайда есепке алынбайды. Себебі, қылмыскер ол уақытта халықаралық іздеуде болды.

Апат орнын тастап, Ресейге қашып кеткен Старухин тек 2 ай өткен соң берілді. Сондықтан, оның темір тұлпарды мас әлде сау күйде басқарғанын білу қиынға соққан. Қыркүйектің 15-і толтырылған хаттамада көлікте бірге болған жолдасы Әлішер Сейіткереев пен айыпталушының кеңсесінде күзетші болып қызмет еткен Қуаныш Қасымғожин Ильяның виски ішкенін мәлімдепті. Бірақ, кейін куәгерлер өздерінің жауаптарын бірнеше мәрте өзгертті. Ең соңында олар «ештеңені нақты айта алмаймыз, есімізде жоқ» деген екен. Алайда, судья бұның барлығын Илья Старухиннің жазасын жеңілдету мақсатында оның таныстары тарапынан алдын ала ойластырылған қадам ретінде бағалады. Оған қоса, қысқа ғана жолда машинаны сағатына 45 шақырым жылдамдықпен айдау сау адамның қолынан келмес еді деп отыр. 1,5 сағат бойы істің материалдары айтылғаннан соң, Қазақстан көлемінде резонанс тудырған оқиғаның нүктесі қойылды.

Әсем Жаналина, Петропавл қалалық сотының судьясы:

– ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы мен 347-бабына сәйкес Илья Старухин айыпты деп танылсын. Қылмыскер 4 жылға бас бостандығынан айырылмақ. Азамат жазасын қоныс колониясында өтейтін болады. Сондай-ақ, соттың шешімімен Илья Старухин Ксения Овсянникованың әпкелеріне 2 млн теңгеден материалдық шығын төлейді. Айта кету қажет, жауаптарын бірнеше мәрте өзгертіп, сот алдында шыншылдық танытпаған куәгерлер де жауапқа тартылмақ.

Сот шешімімен Ксения Овсянникованың туыстары келіспейді. Сіңлілерін жоғалтқан олар 4 жыл тым аз мерзім деп отыр.

Эльмира Садвокасова