Құқық қорғау органдары

Қала тұрғынын көшеде тонап кеткен ұрылар ұсталды

Облыс орталығында жыл басынан бері 16 бірдей тонау фактісі тіркелген. Оның 6-уы  ізі суымай ашылды. Жуырда ғана полицейлер қыздың қолынан сөмкені тартып алып, 25 мың теңгені жымқырған ұрыларды ұстады.

Ақпанның 12-сі күні қас қарая петропавлдық жас жұбайлар далаға серуендеуге шығады. Бірақ, жерлестеріміздің таза ауадағы демалысы ұзаққа созылған жоқ. Ерлі-зайыптыларға бәз біреулер шабуыл жасайды. Олардың біреуі қыздың қолындағы сөмкені тартып алып, қашып кеткен. Жәбірленушілер болған оқиғаны полицейлерге мәлімдеп, арыз жазады.

Ерболат Қаптаев – Петропавл қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы:

– Петропавл қаласы Полиция басқармасына Мир көшесі бойында жасалған тонау бойынша арыз түсті. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында облыс орталығының екі тұрғыны ұсталды. Олардың біреуі ұрлық жасағаны үшін бұрын сотталған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Қолға түскен ұрылар ешбір жерде жұмыс істемейтін 20 және 23 жастағы қала тұрғындары болып шықты. Олар сөмкедегі 25 мың теңге көлеміндегі ақшаны алып, жұмсап жіберген екен.

– Біз пәтерде достарымызбен ішімдік ішіп отырдық. Кейін, далаға шықтық. Көшеде ер адам мен әйелді көрдік. Осы сәтте азаматшаның қолындағы дүниені жұлып алып, үйдің ауласына қарай жүгірдім. Сол жерде сөмкені ашып, ішіндегі ақшасын алдым.

Енді, ұрылар заң жүзінде жауапқа тартылады. Олар ҚР Қылмыстық Кодексі 191-бабының 1-бөлігі бойынша 4 жылға бас бостандықтарынан айрылулары мүмкін. Айта кетейік, жыл басынан бері облыс орталығында 16 бірдей тонау фактісі тіркеліпті. Мамандар оның 6-уын ізін суытпай ашқан. Статистикаға сүйенсек, өңірімізде әйел адамдарға шабуыл жасап, мүлкін жымқыру оқиғалары жиі тіркеледі екен.

Култанов Байболат