ТЖ

Жолда қалып қойған 27 көлік жүргізушісіне көмек көрсетілген

Жыл басынан бері теріскейлік тәртіп сақшылары жолда қалған 30-ға тарта көлік ішіндегі адамдарға көмек көрсетіпті. Көбінесе мамандар камаз жүргізушілерін қауіпсіз жерге жеткізген, бұзылып қалған жүк машиналарын жөндеуге ат салысқан. Тіпті, трасса бойында аударылып қалған темір тұлпарларды шығарысуға жәрдем беріпті.

Соңғы уақытта өңірімізде темір тұлпарлардың жолда қалу фактілері жиіліп кетті. Әсіресе, трасса бойында тоқтап немесе аударылып қалған жүк машиналарына қатысты оқиғалардың саны артты. Мәселен, сондай жайттың бірі ақпанның 15-і күні Жамбыл ауданында тіркелді. Мұнда камаз көлігінің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, жолдан шығып кетіпті. Абырой болғанда, полицейлер тұрғынға көмек көрсеткен екен.

Нұрбек Баекин – СҚО ПД баспасөз қызметінің бас маманы:

– Полиция қызметкерлері кезекшілік атқару барысында таңертең жол шетінде бір қырымен жатқан камазды байқаған. Бұл камаз Қостанай қаласына астық қалдықтарын тасымалдап барған жатқан екен. Тәртіп сақшылары дереу оқиға орнына жетіп, көмек көрсетті. Түскен қарай арнайы техника шақырылып көлік қайтадан жолға шығарылды.

Ал, түстен кейін осыған ұқсас жағдай Шал ақын ауданында орын алды. Онда полицейлер Жезқазған-Петропавл тас жолында тоқтап тұрған камаз жүргізушісіне көмектесіпті. Мамандар салон ішінде тонып қалған азаматты өздерінің көлігіне кіргізіп жылытқан екен. Есіл ауданында да темір тұлпардың трассада қалу фактісі тіркелді. Тәртіп сақшылары сенбі күні түнде Алматыдан облыс орталығына бет алған мына машинның жанармай сорабын жөндепті. Кейін, Николаевка селосына жеткізіп тастаған.

Ал, бұл оқиға ақпанның 16-сынан 17-сіне қараған түні Мамлют ауданында болды. Видеодан көріп отырғандарыңыздай, 30 тонна пияз тиелген камаз жолдың шетінде жатыр. Ол Шымкенттен Ресейдің Қорған қаласына бет алыпты. Бірақ, Белое селосының маңына келгенде аударылып қалған екен.

Жомар Дүйсенбеков – Мамлют ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Бұл жағдайды басқа бір жүргізушіден естідік. Ол полиция бөліміне орын алған жағдайды телефон арқылы хабарлады. Содан соң біз барып, пиязды тиеуге, камазды тұрғызуға көмектестік. Осыдан соң азаматтар Ресей Федерациясына кетті.

Бұл камаздардың тоқтап немесе апатқа ұшырауына қатысты соңғы жағдай емес. Күні кеше ғана полицейлер мен құтқарушылар Қызылжар ауданының Архангелька селосы маңында трассадан шығып кеткен машина жүргізушісіне көмек көрсетіпті. Бельгиядан Көкшетауға бағыт алған жүк көлігіне 20 тонна гербицид тиелген. Алда әлі ақпанның 9 күні мен наурыз айы бар. Әдетте осы мезгілде өңірімізде жиі боран соғатыны белгілі. Сол кезде мамандар сақтық шараларын ұмытпауды ескертеді.

– Тәртіп сақшылары сапарға шығатын адамдарға мынандай бірнеше ақыл-кеңес береді. Жол жүрмес бұрын көлік багын жанар-жағармайға толтырып алу қажеттігін айтады. Сонымен қатар, мамандар тросс, күрес сынды дүниелерді де салу қою қажеттігін ескертеді. Және де көліктің техникалық жағдайына аса мән беру керек. Егер де қозғалтқыштар істен шығып тұрса, онда жол жүрмеген абзал. Оған қоса мынандай материалдарды да ала салған артық етпейді. Онымен қозғалтқышты және де басқа да тетіктерді жауып қоямыз. Ал, егер де сіз елді мекеннің маңында қалып қойсаңыз, онда өз бетіңізбен жаяу жолға шықпаңыз. 102 немесе 112 нөміріне хабарласып, құтқарушыларды шақыру қажет.

Култанов Байболат