Мәдениет

Тарихтан сыр шертетін туындылар

Тарихтан сыр шертетін туындылар. Суретші Александр Листопадний Петропавл аумағында болған діни ғимараттардың бейнесін қағазға түсіруде. Нысандардың барлығы дерлік бүгінге дейін сақталмапты. 2 жыл ішінде дарын иесі 5 мешіт пен 6 шіркеудің алғашқы көрінісін салған. Суреттерді наурыз айының 14-інде бейнелеу өнері музейінде ашылатын көрмеден тамашалауға болады.

Петропавл қаласының тарихы сонау 1752 жылдан бастау алады. 18-20 ғасырларда шаһар өзінің ерекше ескерткіштері және мәдени нысандарымен көптің қызығушылығын тудырған екен. Әсіресе, бекіністе шіркеу мен мешіттердің саны көп болыпты. Екі ғасыр бұрын тұрғызылған қасиетті ошақтардың бүгіндері көбі сақталмаған. Олардың тарихта болғанын, тіпті қазіргі жұртшылық білмейді де. Сондықтан, сәулетші әрі суретші Александр Листопадний бұның орнын толтырмақ ниетте, архивтерді ақтарып, діни орындардың бұрынғы кейпін бейнелеуді шешкен екен. 2 жыл бұрын басталған шаруаның нәтижесі осы. Қазіргі таңда дарын иесінде қалада болған 5 мешіт пен 6 шіркеудің суреттері бар.

Александр Листопадний – суретші:

– Қаламызда болған мешіттердің бейнелерін салған кезде мынадай бір ерекшелікті байқадым. Біздің шаһар мен Өскемен қаласындағы діни ғимараттардың сәулеті ұқсас. Қазақстанда оларға тең келері жоқ. Ғимараттар көпестердің қаржысына тұрғызылғандықтан, солардың атымен аталған. Мәселен, бұл – Халитов мешіті. 1882 жылы бой көтерген. Бүгінге дейін сақталып, жұмысын жалғастырып келе жатқан жалғыз нысан. Бірақ, оның сыртқы кейпі аздап өзгерген. Ал, мен ғимараттың алғашқы бейнесін салдым.

Ал, бұл – Касимов мешіті. Петропавл бекінісі тұрғызылғаннан кейінгі осы аймақта мұсылмандарға арналып салынған алғашқы діни ғимарат. Балық зауытының маңында орын тепкен. Оның бой көтеруіне Екатерина II-ші қолдау көрсетіп, 1795 жылы 5 мың сөлкебай қаржы жұмсапты. Сөйтсек, бұл – патшайымның идеологиялық қадамы екен. Мешіттің құрылысы – барлық конфессия өкілдерінің теңдігін білдіру мақсатында жүргізілген. Тағы Александр Листопадний Давлеткильдеев, Ылькан, Чалы-қазақ пен Дінмұхамад мешіттерінің бейнесін салған. Басым бөлігінің фотолары сақталмағандықтан, дарын иесі бұрынғы заманда жасалған суреттердің артқы фонынан нысандарды іздестіріп, оларды қағаз бетіне түсірген екен.

Александр Листопадний – суретші:

– Бұл – 1868 жылы бой көтерген Вознесение соборы. Ғимарат Сібір бароккосы стилінде салынған екен. Шіркеуге батыс жақтан кіретін. Өте әдемі, ерекше нысан болған. Оның авторы – мешіттердегідей белгісіз. Ал, қазір бұның орнында Н.Погодин атындағы орыс драма театры орналасқан.

Ал, бұл шіркеудің тарихы Транссібір магистралінің құрылысымен байланысты. 20-шы ғасырдың басында император Александрдың бұйрығымен қазіргі теміржол вокзалының аумағында тұрғызылыпты. Оның сәулетін сол кездегі өнертанушылар жоғары бағалаған екен. Алайда, бұл қасиетті нысандардың барлығы дерлік Кеңес Үкіметі орнаған соң, қирай бастапты. Тарихи ескерткіш ретінде саналуы тиіс ғимараттардың бірінде бүгінде өндіріс ошақтары орналасса, енді бірі өкінішке қарай саунаға айналған.

Эльмира Садвокасова