МТРА жаңалықтары

Ресейлік шұжықтардан шошқаның ДНҚ-сы табылды

Өңір санитарлары Ресейден импортталған құс және сиыр еті шұжықтарынан шошқаның ДНҚ-сын тапты. Техникалық регламенттерді “Омский бекон”, “Орелпродукт” сынды өндірушілер бұзған. Бұл компаниялардың өнімдері жерлестеріміздің арасында танымалдылыққа ие. Сондай-ақ, аудандардағы кейбір дүкен иелері халыққа жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азық-түлік өнімдерін сатады екен. Олқылықтардың бәрі арнайы тексеріс барысында анықталды.

Сөрелердегі тауарлар жерлестеріміздің денсаулығы үшін зиянсыз ба? Дүкендерде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдер қаншалықты көп? Осыны тексеру үшін өңірлік қоғамдық денсаулық сақтау департаменті күллі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Соңғы тескеріс қаңтарда өткізіліпті.

Айнаш Сағандықова – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы:

– 433 сынама алынды. 83 тауар техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеді. 258 сынама – азық түлік-тауарлары. 11-інің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен болып шықты. 1 тауар бірнеше талаптарға сәйкес келмеген жағдайлар да болды.

Пайдалану мерзімі өткен, жеуге жарамсыз болып қалған азық-түлік өнімдері Тимирязев, Аққайың, Тайынша және Жамбыл аудандарының кейбір дүкендерінен табылыпты. Жауапсыз кәсіпкерлер саудаға қойған денсаулыққа қауіпті тауарлардың басым бөлігі – шұжықтар мен ет өнімдері. Бұл тізімге түрлі тұздықтар, кофе және шоколад кәмпиттері де кіреді. Бұдан бөлек, қаңтардағы тексерісте санитарлар 15 өнімге молекулярлық-генетикалық зерттеу жүргізген. Оның нәтижесі жаға ұстатады. Ресейлік бірнеше шұжықтың құрамы сыртында жазылған ақпаратқа сай келмеген. Мысалы, мамандар Омбыда өндірілген құс еті шұжығының құрамынан шошқаның ДНҚ-сын тауыпты.

Гүлнұр Омарова – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

– Мамлют ауданындағы “Руслан” дүкенінде “Птичий” атты сүрленген құс еті орамасында шошқаның ДНҚ-сын таптық. Өндіруші – “Омский бекон” компаниясы. Тағы Уәлиханов, Аққайың, Шал ақын аудандарындағы сауда нүктелерінде ресейлік “ОмДел”, “Орелпродукт”, “Кавказ мясо” сынды өндірушілердің шұжықтарынан да өзге жануарлардың гендері анықталды.

Табылған ресейлік тауарлардың барлығы бүгінде дүкен сөрелерінен алынып тасталды. Заңбұзушылықты анықтаған жергілікті департамент Елордаға – Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне хат жолдапты. Олар тиісті шешімді қабылдайды. Тіпті, бұл шұжықтарды ел аумағына импорттауға тыйым салынуы да мүмкін.

Саят Ермек