МТРА жаңалықтары

Өңір дүкендерінен денсаулыққа қауіпті ойыншықтар табылды

Тақырыпты жалғастырамыз. Қаңтар айында жүргізілген мониторинг барысында қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандары өңірдегі сауда нүктелерінен талаптарға сай келмейтін азық-түлік тауарларын ғана емес, балалардың денсаулығына зиянды ойыншықтарды да тапқан.

Мамандар барлығы 23 ойыншықты сатып алып, зертханаға жіберген. Сараптама қорытындысы бойынша сынамалардың 18-інде санитарлық нормаларға сай келмеу жайттары байқалды. Олардың 3-уінде бүлдіршіндердің денсаулығына қауіпті метил спирті және фенол сынды улы заттардың белгіленген мөлшерден бірнеше есе артық екендігі анықталды. Бұл үш қуыршақтың барлығы Қытайда өндірілген екен. Бүгінде тауарлар сөрелерден алынып тасталды. Сондай-ақ, бұл ойыншықтарда жарамдылық мерзімі мен партия нөмірі жайлы ақпарат та табылмай шықты. Талапқа сай келмейтін өнімді өнімді саудаға қойған кәсіпкерлерге 2 хаттама толтырылып, тағы сонша ұйғарым шығарылған және жалпы сомасы 50 мың 500 теңгенің айыппұлы салынды.

Айнаш Сағандықова – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы:

– 2 ойыншық Тимирязев ауданы, Ақжан ауылындағы “Натали” дүкенінен, ал 1 ойыншық Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласындағы “Айсберг” СҮ сатылып алынды. Метил спирті мен фенол бала денсаулығы үшін өте қауіпті. Ол тыныс жолдарының, жүйке жүйесінің, асқазан мен бауыр ауруларына әкеліп соқтыруы мүмкін.

 

Саят Ермек