Спорт

Өңір боксшылары республикалық біріншілікте өнер көрсетті

Ақпанның 13-і мен 16-сы аралығында Балқаш қаласында бокстан республикалық турнир өтті. Еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушылары Александр Апачинский мен Владимир Тулуповты еске алуға арналған біріншілікте облыс намысын 4 жас спортшы қорғады.

14 жасар Илья Олейниковтың әуесқой бокспен айналысып жүргеніне 2 жыл болған екен. Жас спортшы облыс намысын кезекті рет Балқаш қаласында қорғап шықты. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушылары Алексанр Апачинский мен Владимир Тулуповты еске алуға арналған республикалық турнирде жасөспірім 52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, топ жарған.

Илья Олейников – боксшы:

– Аталмыш турнирде 3 жекпе-жек өткіздім. Финалдық кездесуді қарағандылық боксшымен қолғап түйістірдім. Кездесу қиынға соқты. Дегенмен, төрешілердің шешімі бойынша 3 те 0 есебімен басым түсіп чемпион атандым. Дер кезінде қолдап, кеңес берген бапкеріме шексіз алғысымды білдіремін.


Жас боксшынының бапкері – Виктор Беспятов. Біріншілікке олар біршама уақыт дайындалған. Турнирге 11 облыстан шамамен 150 боксшы қатысыпты. Біздің облыстан 4 жеткіншек бақ сынаған. 2 спортшымыз жүлдемен оралды.

Виктор Беспятов – К.Сафин атындағы бокс мектебінің жаттықтырушысы:

– Илья Олейников 1-орынға ие болса, 40 келі салмақ дәрежесінде Мадияр Аубакиров 3-орынға табан тіреді. Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Төрешілердің бағасы әділ болды. Тағы 2 боксшымыз жүлдеге қол жеткізе алмады.

Бұл жеткіншектер бір аптадан кейін облыс біріншілігіне қатысады. Мұнда топ жарған спортшылар сәуір айында өтетін Қазақстан біріншілігіне дайындалады.

 

Саят Ермек