Қоғам

Қар басқан көшелер қашан тазаланады?

Жұмысшы кенті тұрғындарының / коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің тындырған ісіне көңілдері толмай отыр. Айтуларынша, мәселен Белинский көшесі қардан 2 жыл қатарынан тазаланбай келеді. Бұл туралы тұрғындар талай рет шағымданған көрінеді. Әзірге, олардың сөздері жерде қалып отыр.

90 жастан асқан Михаил Копатиловтың күнде тындыратын ісі осы. Таң атысымен қария қармен арпалысады. Ол ауласындағы ақ ұлпаны жолдың жиегіне шығарады. Сондықтан, қыс бойы жауған қар тау боп үйіліп қалған. Ал коммуналдық мекемелер жолды тазартуға асықпайтын көрінеді. Қардың жиналғаны соншалық бұл жер балалардың ойын алаңына айналған.

Михаил Копатилов – қала тұрғыны:

– Оқушылар келіп бұл үйіндіде асыр салып ойнайды. Далаға шығып бұл жерде ойнамаңдар, көліктің астына түсіп қаласыңдар деймін. Балалар ғой, ойынға берілгендері сонша, айтқаныңды тыңдамайды. Мына жолда машиналардың жүруінің өзі қауіпті.

Тар көшеде екі көліктің қатар жүруі мүмкін емес. Сол себепті, жүйіткіп келе жатқан темір тұлпарды өткізу үшін тұрғындар күртікке түсуге мәжбүр болады екен. Ал ертең күн жылып, қардың көбесі сөгілгенде бұл жер саз-батпаққа айналады. Тұрғындардың айтуынша, жалғыз Белинский көшесі ғана емес, жалпы Жұмысшы кенті ақ ұлпадан жөнді тазартылмаған екен.

– Жолды тазаламағалы қай заман? Көктем айларында балаларымыз мектептен малмандай су боп келеді. Өткен жылы мына көшеге қиыршық тас төгуді бастап, артынан аяқсыз қалдырды. Жыл сайын көретініміз осы.

– Бұл жерден мектеп оқушылары жиі өтеді. Қыста жол қардан тазаланбайды. Ал көктемде езіліп жатады.

Жұмысшы кентінің тұрғындары бұл мәселеге қатысты талай рет шағымданған. Бірақ, базыналарына ешкім құлақ аспапты. Қалалық әкімдіктегілер болса уәдені үйіп төккенімен, көшедегі қар сол қалпында қалған.