Аптадағы маңызды жаңалықтар

92 ауылды су басуы мүмкін

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша өңірде наурыз айының соңында қалың қардың көбесі сөгіледі. Ал, сәуірдің алғашқы онкүндігінен кейін облыс аумағындағы өзен-көлдердің деңгейі көтерілмек. Салдарынан өлкедегі 92 ауылды су басуы мүмкін.

Андрей Метель Заречный кентінде тұрады. Азаматтың үйіне 2017-нің көктемінде су кіріпті. Ол кезде тасқын еденге жақындаған екен. Осындай жағдайға тап болмас үшін 79 жастағы қария қауіпсіздік шараларын бүгіннен қолға алған. Жерлесіміз күн сайын маңайды қардан тазалайды.

Андрей Метель – қала тұрғыны:

– Көктемде су баспасын деп қар тазалап жатырмын. Мұндай жұмысті жиі жүргізіп тұрамын. Үйдің жанындағы ақ ұлпаны көшеге жақын жерге апарым үйемін. Оны кейін мамандар камаздарға артып әкетеді. Сақтық шараларына осы бастан кірісу керек.

Әсіресе, жеке тұрғын үйлердің иелері маңайларын қардан тазалап тұрғандары жөн. Бұл істі қала азаматтары ғана емес, өзен-көлге жақын орналасқан ауылдағы ағайын да жүргізуі тиіс. Әйтпеген жағдайда қауіптілік артады.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Облысымыздағы 92 елді мекенге ерінді сулар және тасыған өзен-көлдердің суы зардап тигізеді деп есептеп отырмыз. Осы ауылдардың басым көпшілігінде қауіпсіз шаралары жүргізілді. Бірақ, 18 село қорғалмай қалды.

Яғни, бұл 18 елді мекенде жердің бедеріне және тағы да басқа қиындықтарға байланысты инженерлік-техникалық жұмыстар жүргізілмепті. Ол ауылдардың басым көпшілігі Есіл өзені бойында орналасқан. Тағы, Айыртау, Ғабит Мүсірепов және Уәлиханов аудандарында да су басу қаупі бар жоғары елді мекендер баршылық.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– 2019 жылдың көктемгі уақытында Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл, Қаратал ауылдарына Сілеті су қоймасынан бір мезетті көп мөлшердегі судың жіберілуіне байланысты қауіп бар деп есептейміз. Сондықтан, біз 10-шы наурыздан кейін осы елді мекендерге арнайы күш пен құралдарды жасақтан жіберетін боламыз.

Сонымен қатар, арнайы жасақтар Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Есіл, Тимирязев, Шал ақын аудандарына да жіберіледі. Ол аймақтарда мамандар былтырғыдай тасқын басу қаупі жоғары ауыл маңдарында қызмет етеді. Яғни, мұзды кеседі, қар шығарады, су жолдары мен құбырларды тазалайды. Осындай істің арқасында өткен жылы бірнеше елді мекен табиғи апаттан аман қалыпты. Жалпы, облыстық төтенше жағдайлар департаменті ақпанның соңында республикалық “Көктем – 2019” оқу-жаттығу жиындарын өткізбек. Онда құтқарушылар білген-түйгендерін іс жүзінде пысықтайтын болады.

 

Култанов Байболат