Балалар

Жас суретшінің тырнақалды туындылары

Сурет салу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Сабырлық пен төзімділікті талап ететін бейнелеу өнерін меңгергендердің бірі – жерлесіміз Станислав Алерт. Жас суретші Оқушылар сарайының қабырғаларын өз туындыларымен толықтырған. Бұл еңбегі үшін мекеме басшылығының алғысына бөленіпті.

Станислав Алерт бұған дейін дәмханалар мен спорттық нысандардың қабырғаларын әрлеп жүрген. Оқушылар сарайының басшылығы жас суретшінің туындыларына көңілдері толғандықтан, қабырғаға кесіндеме салып беруін сұраған. Бұл картинаны идеясын Станислав Алматы қаласында өткен театрлық қойылымнан алыпты. Сол кезде әртістердің оқиғаны жеткізе білгендеріне тәнті болған дарын иесі сахнадағы көріністі телефонына суретке түсіріп алып, артынан бейнелеуге көшкен. Кескінделіп тұрған бұл туындыларды салу үшін ол 7-8 сағат уақытын сарп еткен.

Станислав Алерт:

– Бұл қабырғаларда театр қойылымдары суреттелуге тиіс болатын. Яғни, спектакльға дайындық барысын салу керек болатынмын. Қабырғаның өлшеміне байланысты ойымды өзгертуіме тура келді. Мен әртістердің әзірліктерін емес, халық алдында көрсетіп жатқан өнерлерін бейнеледім. Кескіндемелерді салып болған соң, әртістердің киген кімдерін бірнеше мәрте бояғаным әлі есімде. Қабырға ұзын болғанымен, биіктігінің төмен болуы кедергі тудырды.

Шымылдық ашылып, сахнаға балетшілердің шығып келе жатқаны суреттелген бұл туындының Станислав үшін орны бөлек. Кескіндемені бар ынтамен салдым дейді ол. Түрлі түсті бояуға бала кезінен әуес болған талант иесі бастапқыда суретті қарындашпен салған екен. Кейін уақыт өте келе шеберлігін шыңдап, қылқаламен салуды меңгеріп алыпты. Бейнелеу өнерін таңдағаныма еш өкінбеймін дейді.

Станислав Алерт :

– Сурет салуды мен өзім үйрендім. Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен-ақ кескіндеме жасауға құштар болдым. Сол уақыттағы оқиға әлі есімнен кетпейді. Алгебра пәні сабағында есеп шығарудын орнына сурет салып отырғанмын. Бұны көрген мұғалімім ұрысқан жоқ, керісінше сенен жақсы суретші шығады деген.

“Өнерлінің өзегі талмас” демекші жас суретші туындыларының қатарын 50-ден асыруды жоспарлап отыр. Станислав Алерттің айтуынша суретші болу үшін көп еңбектену қажет. Көктем айында ол Петропавлда өзінің жеке көрмесін ұйымдастырмақшы.

Асхат Ғалиасқаров