Құқық қорғау органдары

«Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» акциясы аяқталды

Петропавлдық тәртіп сақшылары «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» акциясын аяқтады. Бір аптаға созылған шара барысында ювеналдық полиция инспекторлары жасөспірімдер тарапынан 30-дан астам тәртіп бұзушылық фактісін анықтаған. Акция аясындағы соңғы “түнгі операцияға” полицейлер мен бірге прокуратура қызметкерлері, білім басқармасының және басқа да мүдделі органдардың қызметкерлері қатысты.

Демалыс күндері ювеналдық полицейлер кезекті түнгі рейдке шықты. Назарда – әдеттегідей, түнгі 11-ден кейін көшеде, дәмханаларда немесе компьютерлік клубтарда жүрген жасөспірімдер. Инспекторлар бас сұққан мұндай орындардың бірінде 17 жасар бозбала ойынға беріліп отырған жерінен табылды.

– Я думал: 18 лет есть! – Не надо думать, нужно проверять документы. И пригласите нам пожалуйста представителей. – Хорошо, я позвоню сейчас. – Сейчас позвоните.

Нәтижесінде жасөспірімге және компьютерлік клубтың иесіне әкімшілік хаттама толтырылды. Тәртіп сақшылары мұнымен ғана шектелмеді. Кәмелетке толмағандарға ішімдік пен темекі өнімдерін сату фактілерін де анықтап, полицияда есепте тұрған бозбалаларды тұрғылықты мекен жайлары бойынша тексерді. Инспекторлардың сөзінше, мұндай шаралар жасөспірімдер арасындағы криминогендік жағдайды қалыпта ұстауға септеседі.

Эльмира Абушева – Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ ювеналдық полиция бөлімінің бастығы:

– Прокуратура, білім басқармасы және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиямен бірлесіп тұрмысы төмен отбасылар мен ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдер тексерілді. Олармен профилактикалық әңгімелесулер жүргізіліп, қылмыстық және әкімшілік заңнама, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі мен қоғамдық орындарда, көшелерде өзін-өзі ұстау ережелері түсіндірілді.

Жалпы, бір аптаға созылған “Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік” акциясы аясында қала полицейлері 31 әкімшілік хаттама толтырған. Олардың 19-ында кәмелетке толмағандар заңды өкілсіз көше кезіп жүрген екен.

 

 

Саят Ермек