Спорт

Волейболдан облыс чемпионаты бастау алды

Мықты болсаң жеңіп көр! Петропавлда жастар арасында волейболдан облыс чемпионаты бастау алды. Турнирде 9 команда – барлығы 100-ге тарта спортшы бақ сынауда.

Ойын алаңында – “Ақжар” құрамасы мен Мағжан Жұмабаев ауданының волейболшылары. Алғашқы минуттардан-ақ шабуылдарын үдете түскен қара жейдедегі ойыншылар қарсыластарына жойқын соққылар жасап, есепті еселеп алды. Десе де, ақжарлықтар да қарап қалмады, ойын тізгінін өз иеліктеріне алған олар екінші жақтың қателіктерін ұтымды пайдаланып есепті теңестіре білді. Матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалды. Қос тарап та жеңіске жету үшін барларын салуда. Алайда, шапшаң қимылдай білген “Ақжар” құрамасының айы оңынан туып жеңіске жетті.

Ұлан Қаматай – «Ақжар» құрамасының капитаны:

– Біздің командамызда – 8 адам. Олардың барлығын мықты деп айта аламын. Әрқашан сайысқа бірге барып, талай рет орын алып жүрдік. 00:01-00:014 Біз өзіміздің күш жігерімізді жинап жеңдік. Және де екінші тайм кезінде тренердің айтқанын тыңдамай біз ұтылып қалдық, бірақ үшінші таймда жеңіске жеттік.

Келесі болып “Жеңіс-2” құрамасы мен Жамбыл ауданының ойыншылары бақтарын сынады. Қос команда да сайысқа мықтап дайындалыпты. Алайда, Жамбыл ауданының құрамасы қарсыластарына соққы жасауға мұрша бермеді. “Жеңіс-2” командасы қанша тырысқанымен тәжірибелі ойыншылардан жасақталған Жамбыл ауданының ұжымы осы мачты жеңіспен аяқтады.

Әділжан Кошаев – Жамбыл ауданы құрамасының капитаны:

– Мен волейболмен екі жыл айналысып келемін. Қарсыластарымыз – “Жеңіс-2” командасы мықты болды деп айта алмаймын. Ойын өте жақсы өтті.

Волейбол – ептілік пен шапшаңдықты талап ететін ойын. Қазірдің өзіңде облысымызда осы спорт түріне қызығатындардың саны артып келетін көрінеді. Айта кетейік, финалға жолдама алған құрамалар ақпанның 20-сы күні ойнайтын болады. Жалпы, турнирде 2003,2004 жылғы оқушылардан құралған 9 команда бақтарын сынауда.

Марат Шакшакбаев – жарыстың бас төрешісі:

– 9 құраманың ішіндегі 2-уі қала мектептерінен жасақталса, қалғаны аудандардан келіп отыр. Волейболшылардың бүгінгі аяқ алысы жаман емес, жарысқа мықтапдайындалғандары көрініп тұр.

Ойын үш күнге жалғаспақ. Жүзден жүйрік атанған командалар грамота және медальдармен марапатталады. Айта кетейік, жеңіске жеткен құрама наурыз айында Шымкент қаласында өтетін ел біріншілігіне жолдама алатын болады.

Ринат Айтжанов