Спорт

Шайбалы хоккейден плей-офф ойындары өтіп жатыр

Ақпанның 15-сі және 16-сы күндері еліміздің бірнеше қаласында шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңіндегі ойындар өтті. Ширек финалда жергілікті “Құлагер” құрамасы павлодарлық “Ертіс” командасымен күш сынасты.

Сырт айдында ұйымдастырылған қос бәсекенің алғашқысында теріскейлік ұжым 0-де 2 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойында бірінші болып 18-ші минутта Максим Первухин көзге түсті. Кейін, Дамир Рамазанов белсенділік танытып, шайба авторы атанды. Ал, екінші матчта “Ертіс” ес жиып, есе қайтарды. Қарымта кездесуде павлодарлықтар қонақтарды 3 те 0 есебімен ойсырата ұтты. Айта кетейік, плей-офф кезеңі 4 жеңіске дейін жалғасады. Яғни, қай құрама 4 мәрте қарсыласынан басым түссе, сол команда жартылай финалға жолдама алады. Енді, қос клубтың арасындағы кезекті тартыс ақпанның 19-ы және 20-сы күндері Петропавлда өтеді.

Култанов Байболат