Қоғам

Мамлют ауданында 168 көпбалалы отбасы бар

Бүгінгі таңда Мамлют ауданында 170-ке жуық көпбалалы отбасы бар. Олардың 5-уіне биылғы жылы мекенжайлық көмек көрсетілуде. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 1 млн теңгеден астам қаржы бөлінген екен.

Құрбанай Қарабалаеваның үйі қонақтардан еш уақыт босаған емес. Көпбалалы батыр анадан кеңес сұрап, батасын алуға мұнда жастар жағы жиі келіп тұрады екен. Себебі, алтын құрсақты нәзікжанды өмірге 12 бала әкеліпті. 6 қыз бен 6 ұлын жеткізген қарияның бүгінде арманы жоқ. Келіндері мен немерелерінің арасында жүрген ол ешкімнен ақылын аямайды. Дәмді тамақ пісіріп, тәтті тоқаш дайындауды үйдегілер Құрбанай ападан үйренген екен. 70-ке жетіп қалса да ас үйдегі шаруаның барлығына дерлік өзі бас болып жүреді. Себебі, әлі де берері мол.

Құрбанай Қарабалаева – “Батыр ана” алтын орденінің иегері, Мамлют ауданы:

– Бір лақ туылса, бір шөп шығады деген бар. Бұл – бізге де қатысты айтылған сөз. 12 баланы тудым, біреуіне де қиналған жоқпын. Өздерін өздері асырады. Ең бірінші 3 балам – қыздар. Бақытты әйелге бірінші қыз береді деген бар ғой.

Бүкіл шаруаның барлығында Құрбанай апаға қыздары жәрдемдесіпті. Кейін үлкендері кішілеріне қарайласып, тәрбиесі мен сабағына да көңіл бөлген екен. Бауырмалдылықта өскендіктен болар, анасының қасындағы ұлдары бірлесіп шаруа қожалығын ашқан. Қазір азаматтар мал шаруашылығымен айналысып, асыл тұқымды ірі қараның басын көбейтпек ниетте.

Марат Қарабалаев – «Бірлік» ШҚ директоры, Мамлют ауданы:

– Көпбалалы отбасында тәрбиеленген өте жақсы. Себебі, қолың да ұзын болады, барлығын бірігіп жасаймыз. 6 ағайынды болып шаруа қожалығын аштық, ұйымдасып істеп жатқандықтан атын «Бірлік» деп қойдық.

Айнұр Қарабалаева бұл шаңыраққа 3 жыл бұрын ғана келіпті. Өзі шағын отбасыдан шыққандықтан, үлкен жанұяны армандаған сыңайлы. Болашақта енесінің жолын жалғап 10 шақты баланың анасы боламын деп отыр.

Айнұр Қарабалаева:

– Болашақта үлкен отбасымның болғанын қалаймын. Келін боп жүргеніме 2-3 жыл боп қалды. Осы аралықта балалардың қаншалықты тату-тәтті болатынын түсіндім. Біз жиналған кезде кәдімгідей той болады. Әрбір туған күн мен мерекені бос өткізбейміз.

Құрбанай Сағындыққызы бүгінде 12 баласынан 32 немере мен 13 шөбере сүйіп отыр. Он саусағынан өнер тамған кейуана білген-түйгеніне қазір кішкентайларды да баулуда. Құрақ-көрпе тігіп, тоқу ісін қыздар жағы меңгеріп те алған екен.
Покровка ауылындағы үлгілі отбасылардың тағы бірі – Сырмановтар жанұясы. 6 баланың ата-анасы теріскей жеріне Қазақстанның оңтүстігінен 2016 жылы қоныс аударған екен.

Гүлчехра Сырманова – Покровка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Көшіп келмес бұрын мен 15 күнге келіп, жағдайды қарап кеттім. Әлі мектеп оқитын балаларым болғандықтан, осыған да мән бердім. Қоныс аударған соң әкімдік тарапынан субсидия мен баспана берілді. Үйреніп кеттік.

7 жылға берілген баспана үшін отбасы ай сайын 5400 теңге көлемінде пәтерақы төлейді екен. Бұл мерзім аяқталған соң, үйді өздерінің меншігіне ауыстырып алу мүмкіндігі бар. Гүлчехра Сырманова қазір жергілікті сүт қабылдау пунктінде оператор болып қызмет етеді. Ал, отағасы мал шаруашылығымен айналысуда. Оған қоса, жаз уақытында көкөністер егіп, өсіреді. Ұлдарына тиісті білім беріп, қыздарын алтын ұясынан ұшырған ата-ана бала асырап алып, оған үлгілі тәрбие берсек дейді.

Абсалы Сырманов – Покровка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

 – Үш қызым тұрмысқа шықты. Қазір қолымызда кіші ұлдарымыз ғана. Сондықтан, жетімдер үйінен бала алсақ па деген ойымыз бар. Әзірге, бір баланы береміз деп отыр. Біз болсақ, кем дегенде 3 баланы асырап алғымыз келеді.

Жалпы, “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында Мамлют ауданына былтырғы жылы 34 отбасы қоныс аударған.

Беркінбай Увалиев – Мамлют аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Көшіп келген жанұялардың барлығы өткен жылы субсидия алды. Бұл мақсатқа бюджеттен 10 млн теңге бөлінді. Ал, баспананы жалға немесе сатып алу үшін 15 млн теңге қарастырылды. Биыл тағы 47 отбасы қоныс аудармақ. Яғни, 200-ге жуық адам көшіп келеді.

Биылдан бастап ауданда қоныс аударушыларға арналып су жаңа үйлер тұрғызылмақ. 2019 жылы 47 баспана бой көтерсе, келесі 24 айда тағы 200-ге жуық тұрғын үй салынады деп жоспарланған.

Эльмира Садвокасова