Қоғам

Мүгедек жандарға көмек көрсетуге 233 млн теңге бөлінді

Бүгінде қалалық әкімдіктегі жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi шаһардағы 1 мыңнан астам мүгедекке көмек көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, мамандар кембағал адамдарды емдеу мекемелеріне жібереді, такси қызметімен қамтамасыз етеді. Оған қоса, 13 түрлі гигиеналық құралдарды үлестіреді. Биыл бұл жұмыстарға жергілікті қазынадан 233 млн теңге бөлініпті.

77 жастағы Әскер Төлегенов – екінші топтағы мүгедек. Ақсақалдың 25 жылдан бері көзі нашар көреді. Мұны қалалық әкімдіктегі жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi ескеріп, жерлесімізге үлкен көмек танытып жүр. Мәселен, бұған дейін атқамінерлер қартты  шипажайларға, оңалту орталықтарына бірнеше рет жіберіпті. Осы күні қария емдеу мекемелеріне тағы да барып, денсаулығын жақсартқысы келеді.

Әскер Төлегенов – 2-топтағы мүгедек, қала тұрғыны:

– Бүгін соцзащитаға путёмканың жағдайын білу үшін келдім. Бұлар бізге жылда шипажайға жолдама беріп тұрады. Соның қашан беретінін білуге келдім. Негізі біз Бурабайдағы, Қостанай облысындағы санаторийлерге барып тұрамыз. Уақытында емін алып, демалып, денсаулығымызды жақсартып қайтамыз.

Ақсақалдың өтініші биыл да орындалып қалуы мүмкін. Себебі, үстіміздегі жылдың мамыр мен қараша айлары аралығында жүздеген солтүстікқазақстандық кембағал жанды санаторлық-курортық емделуге жіберу көзделіп отыр. Ал, былтыр 451 мүгедек шипажайға жолдама алыпты. Теріскейліктер Ақмола облысында болып, денсаулықтарын жақсартқан. Жерлестеріміздің барлық шығындары облыстық бюджеттен өтелген екен.
Жалпы, соңғы 2 жылда Петропавлда жарымжан жандардың қатары шамамен 1 мыңға артып, 11 мыңға жақындапты. Олардың жартысына жуығы – 2-ші топтағы мүгедектер.

Данияр Асылбеков – Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнің басшысы:

– Медициналық-санитариялық сараптамадан кейін әрбір мүгедектің дертіне қарай жеке бағдарлама әзірленеді. Яғни, науқасты оңалтуға арналған жоба дайындалады. Сол бойынша кембағал адамдарға қызмет көрсетіледі немесе 13 түрлі гигиеналық құралдар беріледі. Былтыр мұндай көмек 1021 адамға көрсетілді.
Жалпы, міндетті гигиеналық құрал-жабдықтарды алуға қалалық бюджеттен қаржы бөлініп тұрады.

Міндетті гигиеналық құралдарға нақтырақ тоқтала кетсек. Талап бойынша 1 адамға жылына 730 дана жөргекше, 365 жаялық беріледі. Былтыр осы сынды 13 түрлі дүниені сатып алуға 209 млн теңге жұмсалыпты. Тағы, қалалық әкімдік мүгедек жандарға такси қызметімен де қолғабыс етеді. Жалпы, биыл кембағал адамдарға көмек көрсетуге 233 млн теңге бөлініпті.

Култанов Байболат