Балалар

Жас музыканттардың облыстық байқауы өтті

“Дебют”! Бүгін осындай атаумен Петропавлда жас музыканттардың облыстық байқауы өтті. 2 аталым бойынша ұйымдастырылған сайысқа 70-ке жуық фортепианошы қатысты.

Өнер додасына өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиылған 7 мен 17 жас аралығындағы балалар қатысуда. Олар сайыста белгілі бір композитордың 2 шығармасын орындауы тиіс. Мұны қазылар алқасы қарап, бағалайтын балады.

Ирина Колодаева – ОБЖШО директорының орынбасары:

– Байқауға Тайынша өнер мектебінің оқушылары қатысып отыр. Олар бұл конкурста бірнеше рет жеңімпаз атанды. Тағы, сайысқа үздік музыканттар оқитын “Жас дарын” білім ошағының шәкірттері де келді. Бұл ұл-қыздардың арасында республикалық додалардың жүлдегерлері де бар.

Лиля Вафина атасының жолын қуып, фортепианошы атанған. Ол бүгін жеке дара өнер көрсету аталымында бақ сынап жатыр. 9 жастағы жерлесіміз сайыста атақты Ақан серінің Балқадиша әнін орындады.

Лиля Вафина – байқауға қатысушы, Айыртау ауданы:

– Алғашқы рет Көкшетауда өнер көрсеттім. Ол жерде мен қатты қобалжыдым. Байқау нәтижесінде 48 адамның ішінен 3-орынды жеңіп алдым. Сол сәтте қуаныштан жылам жібергенім есімде. Бүгін 1-орын алғым келеді. Өзіме Балқадиша әні ұнайды. Әрі оны ойнау да жеңіл.

Ал, Милана Малаева ансамбль аталымында өнер көрсетуде. Яғни, ұстазымен бірге шығарма орындайды. Бұл жұп жиылғандарға “Розовая пантера” туындысын ұсынды. Кішкентай бұрымды өзінің жастығына қарамастан, жетекшісінен қалмай әнді аспапта ойнап шықты.

Милана Малаева – байқау қатысушысы, Петропавл қаласы:

 – Менің сүйікті аспабын – фортепиано. Онда күн ұзаққа ойнасам да жалықпаймын. Конкурска қатысар алдында музыка мектебіне бардым. Білім ұясында шеберлігімді шыңдап, біраз дайындалдым.

Байқау соңында жеңімпаздар анықталды. Оларға мақтау қағаздары мен медальдар табысталды.