Балалар

Петропавлда комикс салу клубы жұмыс істейді

Әлемде комикс дейтін ерекше өнер бар. Аталған сала Еуропа мен АҚШ-та жақсы дамыған. Ал, бұл іс Қазақстанда кенжелеп келеді. Дегенмен, қазір бізде де қағазға жазу жазып, сурет салу арқылы түрлі хикаяны баяндайтындар бар. Олардың бір клубы өзіміздің Петропавлда орналасқан.

Бала күнімізде мынандай комикстерді газет-журналдардан көріп өстік. Бірақ, соған аса мән бере қоймаппыз. Енді, міне мына кітапты ашып, қарап отырсам, ішіндегі суреттер мен жазбалардың барлығы қызық екен. Өзіме ұнап отыр.

Шынымен де кітаптың бірінші бетінен суреттерге назар аударып, айналасындағы жазуларды оқысаң, құдды бір фильм қарап отырғандай боласың. Олардың барлығы оқиға желісін баяндап, өзіне еріксіз баурап алады. Негізі комикс өнерінің тарихы тереңде жатыр. Бұл іс сонау XVII ғасырда Испанияның Валенсия және Барселона қалаларында бастау алыпты. Ол кезде бейнелер кәдімді шағын жаднама қағаздарға салынған екен. Ал, 1870 жылы баспа беттерінде жарық көріпті. Қазіргі таңда бұл сала Еуропа елдері мен АҚШ-та жақсы дамыған екен. Бізде де кездескенімен, санаулы ғана. Бүгінде әсіресе жастар жағы қызығушылық танытып отыр.

Дархан Баяхметов – комикстер клубының жетекшісі:

– Біз комикс салуды 2017 жылдан қолға ала бастадық. Алғашында қаламыздағы белсенді жастардың басын қосып, түрлі жиындар өткіздік. Сурет және жазумен берілген фильмдерді қарадық. Нәтижесінде өзіміздің клубымызды құрдық. Бірақ, әзірге төл туындыларымызды жасаған жоқпыз. Алғашқы еңбектерімізді былтыр ғана сала бастадық. Әзірге, көңілімізден шығып отыр.

Иа, ерекше өнерді қолға алған жастардың нәтижесі жаман емес. Олар бүгінге дейін 4 бірдей оқиғаны баяндайтын комикстерді әзірлеп қойыпты. Бұны әрі қарай дамытпақ. Болашақта өнерлі ұл-қыздар өздерінің жинақтарын шығаруды қалайды.

Дархан Баяхметов – комикстер клубының жетекшісі:

– Бүгінгі таңда клубта комикстер әзірлейтін 4 автор бар. Олардың еңбектері 40 бетке жетіп қалды. Маусым айына дейін туындыларымызды 100 параққа толтырып, өзіміздің жинағымызды шығарғымыз келеді. Негізі біздің жұмыстар патриоттық тәрбие, гендерлік тендікке қатысты. Оның бәрі халыққа ұнайтындығына сенімдімін.

Клуб мүшелерінің жоспары ауқымды. Олар жазда өздері әзірлеген жинақтарын Астана қаласында тұңғыш рет өтетін қазақстандық комикстер фестиваліне апармақ ниетте. Онда жерлестеріміздің жұмысы жоғары бағаланса, жас мамандар өзара әріптестік орнатуы мүмкін.

 

Култанов Байболат