МТРА жаңалықтары

«Нұр Отан» партиясы СҚОФ ХХІХ кезектен тыс конференциясы өтті

«Нұр Отан» партиясының жаңа бағдарламасы. Құжат көшбасшы партияның / ақпанның 27-сінде өтетін 18-ші сьезінде қабылданбақ. Жоба 5 институционалдық реформа негізінде жасалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Маңызды бағдарлама бүгін Петропавлда өткен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының 29-шы кезектен тыс конференциясында талқыланды.

1-ші наурызда «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толмақ. Осы уақыт аралығында партиялықтар талай істің басы-қасында болып, ел игілігі үшін қызмет еткен. Бүгіндері қазақстандықтардың табысы – 19, зейнетақы мөлшері – 13, ал ел экономикасы 26 есеге артқан. Ал бұрындары мұның бәрін елестету әсте қиын болатын.

Артур Молдағұлов – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономика жайлы айтудың өзі қиын еді. Жалақы төленбейтін, дүкен сөрелері бос болатын. Сол кезде көпшілік еліміздің аяққа нық тұрып кететініне сенімсіздікпен қарайтын. Бірақ, Елбасы Қазақстанды алға жетелеп, саяси мықты мемлекет құра білді. Ауқымды реформалар қалыданып, экономикамыз нығая түсті.

Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек Елбасы жолдауында айтылған тапсырмалардың өңірде қалай жүзеге асырылып жатқандығын баяндады. Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласына қайтарымсыз субсидия ретінде 40 млрд теңге бөлініп отырады. Биыл теріскейде құрама жем дайындайтын кәсіпорын мен шыны зауыттарының құрылыстары басталмақ. Тағы мемлекеттік бағдарлама аясында 1500 пәтер қолданысқа берілмек. Туризм саласын да жаңашылдықтар күтіп тұр. Бизнесмендер де қолдаудан құр алақан қалмайды.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

 – Елбасының бастамасымен өңірді дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Оның аясында бизнесті қолдауға бөлінетін сома 2,8 млрд теңгеден 5 млрд теңгеге дейін артпақ. Кәсіпкерлерге көптеген жеңілдіктер қарастырылмақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, енді бизнесмендер субсидияны тікелей «Даму» қорынан ала алады.

Сондай-ақ, конференция барысында партиялықтар жаңа бағдарламаны талқылады. 2030 жылға дейінгі жұмыс жоспарын айқындайтын маңызды құжат 27-ші ақпан күні өтетін «Нұр Отан» партиясының 18-ші съезінде қабылданбақ. 10 бағыттан тұратын жоба қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Яғни, партия білім беру, денсаулық сақтау және тұрғындарды баспанамен қамту мәселелерін жіті бақылауға алмақ.

Жанар Таласпаева – «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі:

– Тұрғындардың ипотекалық несие алуын жеңілдету. Құрылыс үйлердің сапасын жақсарту. Оларды қадағалау, бақылау. Сонымен қатар, 3 жасқа дейінгі балаларға білім беру орталықтарын көптеп салу. Көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсаты қойылған.

Жиын соңында «Нұр Отан» партиясының 18-ші съезіне қатысатын делегаттар тізімі бекітілді. Өңірімізден Астанаға 59 адам аттанбақ.

Магжан Ахмадина