МТРА жаңалықтары

Коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендеді

Электр энергиясы, су, газ және жылу. Жаңа жылда осы және өзге де коммуналдық қызметтер біршама арзанырақ бола түсті. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 1-ші қаңтардан бастап монополистер тарифтерін төмендетті.

Былтырғы жылдың қараша айында өткен ҚР қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында Мемлекет басшысы ТҮКШ саласындағы түйткілдерге ерекше тоқталған болатын. Себебі, арнайы жүргізілген әлеуметтік сауалнамада халықты толғандыратын мәселелер тізімін коммуналдық қызметтердің қымбаттығы бастапты. Кей монополостиер бағаны заңсыз шарықтатып жіберетін көрінеді.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Расходы по услугам ЖКХ, включая плату за тепло и электроэнергию занимает значительную долю общих расходов населения на жизнь. Понимаете? Чем выше тарифы, тем выше нагрузка на бюджет населения. Так же?! Все мы тоже пользуемся, знаем.

Жиында Нұрсұлтан Назарбаев жағдайды реттеуді тапсырған еді.
Бүгінде бұл шаруаны табиғи монополияларды реттеу ведомстволары мықтап қолға алған. Нәтижесінде, 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап коммуналдық қызметтердің барлық түрлері үшін тарифтер біршама төмендеді.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көрсеткіштер мынадай: электр энергиясы үшін тариф 2018 жылмен салыстырғанда биыл 6,8 процентке арзандады. Ал, газдың текше метрі үшін теріскейліктер енді – 514 теңге, яғни 1,6 процентке кем төлейді. Тарифі өзгелерінен ең көп төмендеген қызмет – сумен қамту. Ол енді 8,58 процентке арзанырақ. Кәріз жүйесін қолдану сомасы 3 процентке төмендеп, текше метрі үшін 75 теңге 5 тиынды құрады. Ал жылумен қамтудың бағасы өткен жылдың 1-ші қарашасында арзандаған еді. Сондықтан, биылғы жылы баға сол қалпында қалды. Қатты тұрмыстық қалдықтар төгу құны 5 процентке кеміді. Енді жер үйлерде тұратын жерлестеріміз қоқыс шығаруға айына – 237 теңге 5 тиын, ал көпқабатты үй тұрғындары 218 теңге төлейді.

Жаңа жылдағы алғашқы түбіртектер жерлестеріміздің қолдарына тиіп үлгерді, сондықтан тұрғындар үнемділікті енді-енді сезіне бастауы тиіс. Монополист компаниялар болса, бағаның арзандауы коммуналдық қызметтердің сапасына теріс әсер етпейді деп сендіріп отыр.

Ержан Тезекбаев – “Қызылжар су” ЖШС қаржы директоры:

– Ауыз судың сапасы нашарламайды. Бұған кепілдік береміз. Себебі, тіршілік көзінің сапасына қатысты бекітілген талаптар мен нормалар бар. Біз оларды бұза алмаймыз. Тарифтерді компания бюджетінен 2018 жылы үнемделген қаражат есебінен төмендеттік.

Аталған шаралар тұрғындардың шығындарын азайтып, әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын артыруға септесуге бағытталған.

Саят Ермек