Қоғам

Халықтың әлеуметтік әлжуаз тобына жататын жандарға 100 пәтер беріледі

Бүгінгі таңда Петропавлда үй кезегінде 14 мыңға жуық адам тұр. Оның 5 мыңнан астамы -халықтың әлеуметтік әлжуаз тобына жататын жандар. Биыл аталған санаттағы 100 тұрғынға сатып алу құқығынсыз арендалық баспана берілмек.

Елімізде жыл сайын халықтың әлеуметтік әлжуаз тобына жататын жандарға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер беріледі. Мәселен, былтыр аталған жоба арқылы 260 солтүстікқазақстандық қоныс тойын тойлапты. Солардың қатарында көпбалалы – Бархат Нағыметова да бар. Жерлесіміз бұған дейін 12 жыл бойы баспана кезегінде тұрыпты.

Бархат Нағыметова – көпбалалы ана:

– Қазіргі таңда өзіміздің 3 бөлмелі үйіміз бар. Оған дейін ұзақ жылдар бойы баспана жалдадық. Ол кездері пәтерақыға әжептәуір қаржы жұмсайтынбыз. Ал, бүгінде жағдайымыз жақсы. Азын-аулақ төлем жасап тұрып жатырмыз. Үй өзімізге ұнайды. Кең, жарық, жылы!

Игі дәстүр биыл да жалғасын таппақ. Үстіміздегі жылы Петропавлда халықтың әлеуметтік әлжуаз тобына жататын жандарға 100 пәтер беру жоспарланып отыр. Баспаналар белгілі бір тәртіп бойынша үлестірілетін болады.

Эльмира Смагұлова – Петропавл қаласыТҮКШ бөлімі коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйді есепке алу және бөлу секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Бірінші кезекте пәтерлер ҰОС ардагерлеріне, жетім балаларға және өзге ел аумағында әскери іс-әрекеттерге қатысқан жандарға беріледі. Одан кейін, баспанаға 9 санаттан тұратын халықтың әлеуметтік әлжуаз тобы үміт арта алады. Яғни, үйлер толық емес отбасы мүшелеріне, көпбалалы жанұяларға, зейнеткерлерге, мүгедектерге, оралмандар мен басқа да адамдарға үлестіріледі.

Жалпы, сатып алу құқығынсыз берілетін баспаналар тұрғындарға өте тиімді. Себебі, мұндай жолмен үлестірілген үйлер үшін жерлестеріміз ай сайын қыруар ақша жұмсамайды. Олар тек пәтердің әр шаршы метріне 100 теңгеден аспайтын ақы төлеп, тұра береді.

Эльмира Смагұлова – Петропавл қаласы әкімдігі ТҮКШ бөлімі коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйді есепке алу және бөлу секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Бұл ретте айта кеткен жөн, белгілі бір тұлға баспанаға қоныстанып, кейін отбасымен бірге басқа жаққа көшетін болса, одан үй толығымен қайтарылып алынады. Сөйтіп, нысан жалпы кезектегі келесі жанға беріледі. Ал, егер де өзі ғана кетіп, баспанада отбасы қалса, пәтерде сол жанұя мүшелері тұра береді.

Айта кетейік, бүгінде Петропавлда үй кезегінде 14 мыңға жуық адам тұр. Оның 5 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік әлжуаз тобына жататын жандар.

Култанов Байболат