Халық тарих толқынында

Бүгін Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 30 жыл

Бүгін Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 30 жыл. Интернационалдық борышын өтеуге 22 мыңдай қазақстандық аттанған болатын. Олардың бір жарым мыңы теріскейлік жауынгерлер еді.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Олар енді ғана мектеп бітіріп, өмірді де көріп үлгермеген жандар болды. Отан алдындағы борышын абыройлы өтеп шығу үшін мыңдаған бозбала әскер қатарына алынды. Алайда, тағдыр өрімдей жігіттерді аямады, сұп-суық соғыстың ортасына бір-ақ тастады. Кім үшін? Не үшін? Сұрақ көп, жауап жалғыз – бұл құпия!

Соғысқа жіберілгендердің басым бөлігі қайда бара жатқандарын да білмеген.
Асхат Қоспанов әскер сапына 1981 жылдың 1 қазанында алынады. 2 ай бойы Өскемен қаласында дайындықтан өтіп, 18 жасында Ауғанстандағы ұрыс даласына аттанады. Сол уақытта оның өмір үшін арпалысы басталған екен. Тек 84-жылдың қаңтар айында жауынгер туған жеріне оралыпты.

Асхат Қоспанов – Ауған соғысының ардагері:

– Оңын-солын танымаған жас адамдар Ауған жеріне бардық. Сол кездегі біздің ел мен оны салыстыруға келмейді. Біздің мемлекет – жарық дүние болса, Ауғанстан – қара дүние болды. Сыйластық пен махаббаттың ортасында өскен біз ойранның ортасына түстік.

Алайда, күш-қайратты жиып, ұрыс операцияларына қатысудан басқа амал қалған жоқ. Себебі, интернационалдық міндетті атқару қажет болды. Қазақстандықтар өздеріне жүктелген тапсырмалардың барлығын абыройлы өтеп шықты. Қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген Ауған соғысы Кеңес одағы үшін 1989 жылы аяқталды. Қанды қырғын табаны күректей 10 жылға созылды. Ұрыс даласына 22 мың қазақстандық аттанған болатын. Олардың мың жарымы теріскейлік сарбаздар еді. Интернационалдық міндетін атқару барысында 46-сы қаза тапты. Жыл сайын ақпанның 15-і Ауған соғысының ардагерлері атыста қаза тапқан жора-жолдастарын еске алып, гүл шоқтарын қою үшін ескерткіш басына жиылады.

Айта кетейік, бүгінде өңірде 700-ден астам Ауған соғысының ардагері бар.

Эльмира Садвокасова