МТРА жаңалықтары

Ауған соғысының ардагерлері құрметке бөленді

Ауған соғысының ардагерлері құрметке бөленді. Бүгін Жастар сарайында салтанатты іс-шара өтіп, интернационалдық борышын адал атқарған азаматтар марапатқа ие болды. Олардың әрқайсысына мерейтойлық төсбелгі табысталды. Ал бірқатары өңір басшысының құрмет грамотасы мен алғыс хатын иеленді.

600 мың. Осынша сарбаз 10 жылда Ауған жеріндегі қарулы қақтығыстан өткен екен. 15-ші ақпан – бұл жауынгерлер үшін маңызды күн. Осыдан тура 30 жыл бұрын олар үшін бұл “жарияланбаған соғыс” аяқталды. Бүгін ардагерлер қаза тапқан жолдастарын, соғыстағы сұрапыл күндерді еске алды.

Владимир Бубенко – облыстық мәслихаттың хатшысы:

 – Бұл соғыста 15 мың Кеңес жауынгері мерт болды. 50 мыңнан астам сарбаз бен офицер жараланды. Ауғанстанға шамамен 22 мың қазақстандық азамат аттанған. 1,5 мыңы – солтүстікқазақстандықтар. 79 бен 89 жылдар аралығындағы 10 жылда бұл жауынгерлер Отан алдындағы міндеттерін абыроймен өтеп шықты.

Ауғанстанда жасаған ерлігі үшін 90-ға жуық отандасымыз Кеңес Одағының батыры атағына ие болған.
Бүгін шамамен 740 теріскейлік ардагер мерейтойлық төсбелгі тағынды. Ал олардың бірқатарына өңір басшысының Құрмет грамотасы және алғыс хаттары табысталды.

Марапат теріскей жастарын әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге ерекше үлес қосқандарға берілді. Солардың бірі – Юрий Балашов. Ол құрамында болған полк Ауғанстанға Памир таулары арқылы жаяу кірген. Мыңнан астам шақырымды, ондаған тау өткелін өз аяғымен кешіп өткен ардагердің тілегі бір – мұндай соғыс қайталанбасын.

Юрий Балашов – Ауған соғысының ардагері:

– Біз бұрын кеуделері ордендермен көмкерілген ҰОС ардагерлеріне тамсана қараушы едік. Өкінішке қарай, жыл санап олардың саны сиреуде. Енді өскелең ұрпақ бізге солай тамсана қарайды, үлгі алады. Бүгінде жастарды Отансүйгіштікке баулып жүрміз. Біз көрген қиыншылықты олар көрмесе екен.

Салтанатты шара концертпен аяқталды. Бұл күні ауған жеріндегі майдан даласы жайлы жазылған әндер көптеп шырқалды.

 

Саят Ермек