МТРА жаңалықтары

Тарихи ескерткіштің бүгінгі жағдайы

Қаламыздағы 20-ғасырдың басында тұрғызылған ғимарат қирап жатыр. 22 жыл бұрын нысан шаһар тұрғынына сатылыпты. Сол уақыттан бері Дмитриев үйі қараусыз қалып, бұзыла бастаған.

Ойқала ықшам ауданындағы Тухачевский мен Коминтерн көшелерінің қиылысында орналасқан нысан 1907 жылы бой көтеріпті. Тарихи ескерткішке айналған үйде сауда ұйымдарының бірінде басқарушы болып жұмыс істеген Василий Дмитриев тұрған. Бұл сол кезде осы аймақтағы жалғыз заманауи, өзіндік стилі бар ғимарат саналыпты. Тіпті, бір ғасырдан астам уақыт өтсе де ерекшелігін жоғалтқан жоқ. Айрықша нысанның тұрғызылу үлгісі бойынша жалғыз Петропавлда ғана емес, бүкіл ел көлемінде теңдесі табылмайды дейді Александр Листопадний.

Александр Листопадний – ҚР сәулетшілер одағының мүшесі:

–  Мұнда көзге бірден түсетін жеке стиль жоқ. Нысан эклиптикалық сипатта тұрғызылған. Сондай-ақ, готикалық элементтері бар. Мәселен, пинаклей мұнарасы, төбетерезелер, кронштейн-конусы орын тепкен. Қазақстанда готика стилінде тұрғызылған ғимараттар кездеспейді. Бұл жалғыз.

Нысанды мұндай айрықша стильде кімнің тұрғызғаны белгісіз. Сәулетшінің сөзінше, бұл ресейлік авторға тиесілі болуы керек. Бір ғасыр бұрын мұнда зиялы қауым өкілдері жиналыстар өткізген екен.
Алайда, тарихи ескерткішке айналған үйдің бүгінгі жағдайы мынадай. Қазір үй қаңғыбастар мен нашақорлардың мекеніне айналған.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Өткен жылы үйдің жабындысы құлапты. Қазір ол нысанның қабырғаларына сүйеніп тұр. Салдарынан күндердің бір күнінде ғимараттың өзі де күйреуі мүмкін. 100 жылдан астам тарихы бар үйдің тағдыры дәл осылай аяқталады деп кім ойлаған?

Ғимаратты 1997 жылы бір қала тұрғыны сатып алған, сол уақыттан бері ол бос. Баспана иесі нысанды өз мақсатында пайдаланбағандықтан үй қаңырап тұра беруде. Салдарынан белгісіз біреулер терезелерін сындырып, кірпіштерін тасып әкете бастапты.

Рақат Мамбеталинов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша орталығының директоры:

–  2010 жылы Дмитриев үйі мемлекеттің қорғауына өтті. Алайда, заң бойынша ол жеке тұлғаның меншігінде болғандықтан, біз өз тарапымыздан баспананы қайта қалыпқа келтіру үшін қаржы бөле алмаймыз. Сондықтан, бір жылдан соң оның иесіне қатысты сот процесін бастадық Себебі, азамат тарихи ескерткіштің жағдайын құлдыратып жіберген. Бірақ, фемида өкілдері нысанды оның меншігінде қалдырды. Ал, 2015 жылы баспана иесі көз жұмды. Әзірге, оның мұрагерлерінің ешқайсысы заң жүзінде ғимаратты иемденген жоқ. Бұл іс шешілгеннен кейін нысанның алдағы тағдыры тағдыры белгілі болады.

Дмитриев үйінің иесі анықталғаннан кейін тағы бір сот отырысы болуы мүмкін. Баспананың марқұм болған қожайынының мұрагерлері нысаннан бас тартса, ғимараттың мемлекет меншігіне өтуі қарастырылмақ. Тек осы жағдайда ғана Дмитриев үйі қайта қалыпқа келтіріледі екен.

Эльмира Сәдуақасова