Спорт

Петропавлда семсерлесу секциясы жұмыс істеуде

Ерекше спорт түрі – Петропавлда. Бастауын ортағасырлық қылыштық жекпе-жектен алатын заманауи семсерлесу спортымен бүгінде 15-ке жуық шаһар тұрғыны айналысады.

Саят Ермек – тілші:

– Заманауи семсерлі жекпе-жек. Аты айқайлап тұрғанымен, заты сәл өзгеше. Мұндағы қылыш, қалқан мен сауыт жұмсақ, яғни паралонмен қапталған. Қауіпсіздік үшін. Бірақ, бұған қарамастан бұл – көздің жауын алатын, қара күшті қажет ететін ерекше спорт түрі.

Бұл – ортағасырлық батырлар жекпе-жегінің қазіргі заманғы интерпретациясы. Ол 2016 жылдан бері ресми спорт түрі болып саналады. Бүгінде Ресей мен Еуропа елдерінде аса танымал. Ал Қазақстанда заманауи қылыштасу жаңа-жаңа қанат жайып келеді. Мәселен, Петропавлда бұл спортқа баулитын секция өткен аптада ғана ашылыпты.

Владимир Торопов – тарихи ортағасырлық және заманауи семсерлесу бойынша жаттықтырушы:

– Семсерлесу өнерінің техникасына, негіздеріне үйретемін. Тәжірибесі бар, Әлем және Еуропа біріншіліктерінде Қазақстанның намысын қорғап жүрген спортшыларды жарыстарға дайындаймын. Негізі, жаттығуларды 7 жастан бастауға болады. Бірақ, ата-аналар балаларын бұл спорт түріне беруге үрейленеді. Бүгінде тәрбиеленушілерімнің ең жасы – 16-да, ал ең ересегі 45 жаста.

Владимир Торопов – секция жетекшісі. Өзі жекпе-жек шеберлігін Мәскеуде үйреніп келген. Әзірге, ол шамамен 15 қала тұрғынын аптасына 3 рет жаттықтырады.

Солардың бірі – Алена Манахова. Заманауи семсерлесу өнері әйелдерге арналмаған дегің-ақ келеді, бірақ Аленаның қылыштасқанына қарап, бұлай ойламайсың. Оның 2 жылдық тәжірибесі бар.

Алена Манахова:

– Бұл – шынымен де, қиын спорт түрі. Физикалық және моральдық төзімділік қажет. Мен қазіргі заманғы ғана емес, тарихи ортағасырлық жекпе-жекпен де шұғылданамын. Кей кездері “Осы іспен айналысып нем бар?!”,-деген ойлар да болады. Бірақ, алаңда күш сынасу өте қызықты.

Темір сауыт-сайман, болат қылыштар. Ортағасырлық Еуропа батырының киімдері мен қаруы мұнда сәндік үшін ілініп тұрған жоқ. Секцияда тағы тарихи ортағасырлық шайқастар бойынша да жаттығулар жүргізіледі. Бұл – ресми спорт түрі емес, былайша айтқанда, ермек. Өзін ежелгі “рыцарь” сезініп, қылыштасуды ұнататындардың халықаралық фестивальдері Еуропа елдерінде үлкен танымалдылыққа ие.

Владимир Торопов – тарихи ортағасырлық және заманауи семсерлесу бойынша жаттықтырушы:

– Мына дулыға “бацинец” деп аталады. Мұндай қорғаныс құралын 13-14 ғасырларда Еуропада жауынгерлері киген. Соңғы жекпе-жекте бұл дулығаға қылыш тиіп, шеті майысып қалды. Енді қалыпа келтіру керек. Сауыттардың барлығы түпнұсқаларына жақын етіліп болаттан жасалған.

Мұның бәрі – арзан дүние емес. Бір жауынгер киімінің жиынтығы кем дегенде 200-250 мың теңге тұрады екен. Әрбіреуінің салмағы 30 келіге жақын. Бұны кәдімгі дүкеннен де сатып ала алмайсың. Сауыттар арнайы тапсырыс бойынша жасалынады.

Саят Ермек