Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінен өрт шықты

Петропавлда көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінен өрт шықты. От / Брусиловский көшесіндегі 61-ші баспананың 3-ші қабатындағы пәтерде тұтанған. Абырой болғанда, тұрғындардың арасында жарақат алғандар жоқ. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметінше қызыл жалын тоңазытқыш сымының тұйықталуынан өршіген.

Елизавета Дорошенко – қала тұрғыны:

– Что могла схватила: документы, деньги и зимнюю одежду. Думала, сейчас как полыхнет.

Елизавета Дорошенко түсініксіз жайды алдымен түнгі 1-де байқапты. Үйден тарс еткен дыбысты естіген екен. Бірақ, бұның соңы отқа ұласатынын ойламаса керек, ұйықтап қалады. Таңертең тұрса, ас үй мен дәліздегі жарық жағылмайды. Осы сәтте үй иесі азық-түлік бүлініп кетпесін деп, тоңазытқышты ұзартқышпен жатын бөлмедегі розеткаға қосады.

Елизавета Дорошенко – қала тұрғыны:

–  Тоңазытқышты қосқанда бір гуіл естілді. 1 минут өткен соң тұрмыстық техниканың артынан от лап ете түсті. Мен түсінбей қалдым. Бірден подъездге жүгіріп шығып, көршілеріме бардым. Олардан өрт сөндірушілерді шақыртуды сұрадым.

Осы сәтте тоңазытқыш отқа оранып, ас үйдегі жиһаздар күйе бастапты. Мұндағы аспалы шам, қабырға мен пластикалық құбырлар қас қағым сәтте жанған.
Өрт туралы ақпар құтқарушыларға таңғы сағат 7-ден 38 минут кеткенде хабарланады. Мамандар оқиға орнына 8 минутта келіп жеткен.

Андрей Щербак – СҚО ТЖД №3 МӨСБ кезекшілік ауысым жетекшісі:

–  Подъезге жақындағанда түтінді байқадық. Жедел әрекет етуге кірістік. От шыққан пәтерге барғанда есеңгіреп қалған үй иесін көріп, сыртқа шығардық. Қазір бізде 4-қабатта балалар қалды деген ақпарат бар. Ондағы адамдар есіктерін ашпай жатыр.

Ол пәтерде Әубәкіровтер тұрады екен. Төтенше жағдай орын алған сәтте баспанада 7 жастағы Аяулым есімді қыз жалғыз болыпты. Ал, әкесі сыртта көлігін қыздырып жүрген.

Нұрлан Әубәкіров – қала тұрғыны:

–  3-ші қабаттан түтін будақтағанын байқадым. Машинадан атып шыққанымда өрт сөндірушілерді көрдім. Олар есікті бұзып, қызымды құтқарыпты. Мені оны сыртынан кілттеп кеткен едім. Қазір жағдайы жақсы. Мамандарға алғысымды айтамын.

Өрт сөндірушілер 24 адамды сыртқа шығарды. Оның 6-уы – бала. Абырой болғанда, жерлестеріміздің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 35 өрт оқиғасы тіркелген. Қызыл жалын 3 солтүстікқазақстандықтың өмірін қиды. Ал материалдық шығын 3 млн теңгеден асады.

Байболат  Култанов