МТРА жаңалықтары

Облыстық кәсіподақтар орталығы жастармен меморандум жасасты

Тиімді әріптестік. Облыстық кәсіподақтар орталығының жастар кеңесі мен өңірдегі тағы 6 бірдей ұйым өзара меморандумға отырды. Жасалған келісім аясында алдағы уақытта бірқатар маңызды шаралар ұйымдастыру көзделуде.

Биылғы жылдың елімізде жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай облыстық кәсіподақтар орталығы өңірдегі жастар ұйымдарының жетекшілерін жинап, олармен келісімге отырды. Сөйтіп, алдағы уақытта кейінгі буын өкілдерін қолдап, бастамаларын дамытуға жағдай жасалмақ.

Әлия Тасымова – СҚО кәсіподақтар орталығының «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы:

– Биыл 2 форум өткзуді жоспарлап отырмыз. Бұнымен шектеліп қалмаймыз. Жастардың толғандырған мәселелерін шешуге ат салысатын боламыз.

Негізі, облыстық кәсіподақтар орталығы 56 мыңнан астам солтүстікқазақстандықты біріктіреді. Оның 12 пайызы – 29 жас, 40 пайыздан астамы – жасы 35-ке дейінгі азаматтар.
Сондай-ақ, жиында «Кәсіподақтар: теория және тәжірибе» атты ғылыми монографияның тұсауы кесілді. 1 мың данамен басылып шыққан кітапта Қазақстан м ен өзге елдердегі кәсіподақ ұйымдарының жұмысы жайлы жазылған.

Людмила Голенкова – СҚО кәсіподақтар орталығының бас маманы:

– Кітаптың жарыққа шығуына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы бастаған топ өкілдері ықпал етті. Онда кәсіподақтар қозғалысының тарихы, дамуы айтылған. 5 тарау мен 483 беттен тұратын туынды заңды жіті түсіне бермейтін азаматтар үшін аса пайдалы болмақ. Мәселен, мұнда еңбек қатынастарына қатысты нақты мысалдар келтірілген.

Жиын соңында қонақтарға жаңа кітаптан табыс етілді.

Магжан Ахмадина