Тұлға

Есіл ауданында Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерге естелік тақта орнатылды

Ақпанның 15-сі Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толады. Айтулы дата қарсаңында  Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеп жүріп мерт болған жауынгерлердің есімдері ұлықталуда. Бүгін Есіл ауданындағы Ильинка ауылында ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерге естелік тақтасы орнатылды.

Ол өзінің интернационалдық борышын өтеп жүріп көз жұмды. Юрий Ефимчук пен Ауған соғысында көз жұмған өзге де сарбаздарды жиналғандар бір минут үнсіздікпен еске алды. Юрий Ефимчукті әрбір ауыл тұрғыны біледі әрі мақтан тұтады. 86-шы жылы 18 жастағы жас жігіт Ауғанстанға аттанып, қайтып оралмаған. Ерлікпен қаза тапқан жауынгердің суреті енді өзі білім алған Ильинка орта мектебінің қабырғасында ілулі тұр. Естелік тақтасын жергілікті агроқұрылым басшысы өз қаржысына орнатқан.

Игорь Гамов – “ҚР Ауған соғысы ардагерлерiнің одағы” ҚБ СҚО бойынша төрағасы:

– Мектепке кіріп бара жатқан әрбір балақай осы тақтаға қарап, Юрий сынды батыр жауынгерді біліп жүретін болады. Яғни, ерлердің есімін мәңгілік ету дегеніміз осы. Интернационалист-жауынгерлер ауған жерінде өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты, әскери анттарын орындады. Ешкім де қаза болғандарды қайта тірілте алмайды, бірақ оларды ұмытпау керек.

Бұл өлеңді Юрий ұрыс даласында жазып, анасына 8-Наурыз мерекесімен құттықтап жолдаған екен. Валентина Ефимчук сөздерін жатқа біледі, бірақ оқыған сайын көзіне жас алады. Үйінің әрбір қабырғасында жар дегенде жалғыз ұлының суреті ілінген. Ана бауыр еті баласын сағынады.

Валентина Ефимчук – Ю.Ефимчуктің анасы:

– 75-ші жылы ұлым 1-сыныпқа барды. Ал, 86-ның қарашасында оны әскерге шығарып салдық. Балам үшін уайымдап, жүрегім сыздайтын. Кабулда болғанда жиі хат алмасып тұратынбыз. Сонда “Ұлым, абай бол, өзіңді күт” деп жиі жазатынмын. Ол “Мама, уайымдама, бұйырса елге ораламын” деп жауап беруші еді.

Бірақ, Юрийдің пешенесіне үйге қайтып оралу жазылмаған екен. Кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығару жұмысы аяқталып жатқанда, 88-ші жылдың 10-шы тамызында ол басқарған БТР-ді дұшмандар оқтың астына алған. Сонда, сержант Ефимчуктің жанынан граната жарылады. Алған жарақаттарынан 20 жастағы жігіт дәл сол жерде жан тапсырған.

Валентина Ефимчук – Ю.Ефимчуктің анасы:

– Сонда мен Ауғанстандағы соғысты бастан кешіргендей күйде болдым. Маған, әрқашан ұлыңды мақтан тұт, ол нағыз батыр деп айтады. Майдандағы жолдастары да оның қандай керемет командир болғанын жазып, хат жолдаушы еді. Мен өз ұлыммен мақтанамын. Одан айрылғаннан кейін бір нәрсені түсіндім – қайғыдан қанша қан жұтса да ана жүрегі бәріне шыдайды екен.

Саят Ермек – тілші:

– Ауғанстаннан Юрий өзінің отбасына шамамен 50-ден астам хат жолдаған. Бірақ, бірде- біреуінде соғыс жайлы жазылмапты. Әке-шешесінің уайымдағанын қаламаса керек. Ал 88-ші жылдың 13-ші тамызы Валентина Ефимчуктің әлі күнге дейін көз алдында. Үйіне жансыз баласы жатқан табытты әкелген сәтті ол ұмыта алар емес.

Ауған соғысында Юрий Ефимчук бір емес, бірнеше рет ерлігімен танылған. Қаза тапқаннан кейін ол қайсарлығы үшін “Қызыл жұлдыз” орденімен марапатталған.

Саят Ермек