МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Былтыр өңірде 4 млн-нан аса мемлекеттік қызмет көрсетілген

Қарапайым маманнан басшыға дейін. Былтыр аталған қағида бойынша өңірде 167 мемлекеттік қызметші лауазымды орынға тағайындалған. Бұл 2017-дегі көрсеткіштен 6 пайызға көп екен.

Соңғы жылдары еліміздің мемлекеттік қызметтер көрсету саласында бірқатар өзгерістер орын алды. Атап айтсақ, төменнен жоғарыға қарай қағидасы енгізілді. Яғни, жұмысын қарапайым маманнан бастап, біртіндеп жоғарылаған жандар ғана басшылық лауазымға бекітілетін болды. Былтыр өңірімізде осы ұстаным негізінде тағайындалған адамдардың саны әжептеуір артыпты.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  2018 жылы өңірімізде қызметін төменнен бастап, жоғарылаған жандардың саны шамамен 4 есеге артты. Статистикаға нақтырақ тоқталсақ, былтыр жергілікті атқарушы органдарда 167 адам жоғары лауазымдарға тағайындалған. Бұл 2017-дегі көрсеткіштен 6 процентке көп екендігін айта кеткен жөн.

Бұдан бөлек, Елена Степаненко мемлекеттік қызметке орналасушылардың көрсеткішіне де тоқталып кетті. Оның сөзінше соңғы екі жылдың ішінде елімізде 73 мыңнан аса адам заңнаманы білуге қатысты тестілеуден өтіпті. Нәтижесінде оның тек 40 пайызы ғана емтиханнан сәтті өткен.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Біздің облыста ұйымдастырылған тестілеудің қорытындысы жайлы айта кетейік. Жерлестеріміздің мемлекеттік әкімшілік қызметке қатысты қойылған сұрақтарды білу деңгейі 59 пайызды құрады. Ал, құқық қорғау қызметі бойынша көрсеткіш 52 проценті көрсетті. Бұдан өңірдегі мамандардың білімі республикалық шкаладан жоғары екендігін көреміз.

Жиында өткен жылы қолданысқа берілген қоғамдық бақылау картасы жайлы да айтылды. Аталған жүйе аясында былтыр тұрғындардан 130 қоңырау келіп түскен. Азаматтар мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалған қоғамдық құқықбұзушылықтар, жемқорлық фактілерін хабарлаған. Кейін, кеңейтілген алқа отырысында “Қызылжар – адалдық алаңы” атты жоба туралы сөз болды.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл жобалық офиске барлық басқарма және аумақтық департаменттердің мемлекеттік қызметшілері қатысады. Осы 1 жарым ай ішінде біз бірнеше жиын өткіздік. Онда денсаулық сақтау, білім беру, міндетті әлеуметтік сақтандыруға қатысты мәселелерді талқыладық.

“Қызылжар – адалдық алаңы” жобасы аясындағы жұмыс әлі де жалғаспақ. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет бағдарлама барысында әрбір салалардағы өзекті мәселерді шешіп, жаңашылдықтарды насихаттайтын боламыз дейді.

Култанов Байболат