Халық тарих толқынында

Ауған соғысының ардагерлері мерейтойлық медальдармен марапатталды

Полиция департаментінің қызметкерлері интернационалист-жауынгерлерге арнап салтанатты іс-шара өткізді. Жиында 20-дан астам Ауған соғысының ардагері мерейтойлық медальдармен марапатталды.

Жайнақ Тортаев 1983 жылы әскер қатарына алынып, артынан Ауғанстан жеріне жіберілген. Ажал тырнағына ілінбей елге аман оралған жауынгерге ерлігі үшін Қызыл жұлдыз ордені табысталған. Бүгін оның кеудесіндегі медальдарының қатары тағы біреуімен толықты.

Жайнақ Тортаев, Ауған соғысының ардагері:

– 30 жыл көз алдымызда зыр етіп өте шықты. Кеше ғана 18-дегі жігіттер едік. Бүгін, міне егде жасқа да келіп қалдық. 30 жыл бойы полицияда қызмет атқардым. Талай маман тәбиелеп шығардық.

Мерейтойлық медальға ие болғандардың тағы бірі – Талғат Самаратов. Ол ауған жеріне соғыстың нақ қызған шағында аттанған. Сол жылдардан бері 30 жыл уақыт өтсе де қарулас досының минаға түсіп мерт болғанын әлі ұмытпапты. Осылайша өткен күнді есіне алған ардагер келешек ұрпақ біздер көрген бейнетті көрмесе екен деп тілейді.

Талғат Самаратов, Ауған соғысының ардагері:

– 1984 жылы мамыр айында ауған жеріне шақырылдым. БТР транспортының жүргізушісі болып істедім. Біз Кундуз дивизиясына қарадық. Бір жыл бір айдың ішінде мен 3 операцияға қатыстым.

Жалпы, бұл күні мерейтойлық медальдар 20-дан астам Ауған соғысының ардагеріне табысталды.