Денсаулық сақтау

Стоматологиялық қызмет көрсетуге 300 млн теңгеден аса ақша бөлінді

Стоматологиялық қызметті тегін ал! Мұндай мүмкіндікке халықтың 8 әлеуметтік-әлжуаз тобына жататын тұрғындар ие бола алады. Ол үшін биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы өңіріміздегі емдеу мекемелеріне 300 млн теңгеден аса қаржы бөліпті.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Наталья Карабанова жасы келіп зейнетке шығыпты. Сондықтан, жерлесімізге стоматологиялық қызмет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тегін көрсетіледі.

Наталья Карабанова – зейнеткер:

– Мен мұнда тегін қызмет алу үшін келемін. Барлық шығынды мемлекет өтеді. Бұл әрине үлкен көмек. Өзіме осы жердегі дәрігерлер ұнайды. Олар бірнеше рет тісімді жұлды. Әрі емдеді. Барлық іс сәтті өтті.

Жасы келіп зейнетке шыққандардан бөлек, стоматологиялық қызмет жүкті әйелдерге, 18 жасқа толмаған жандарға, ҰОС ардагерлеріне, алтын және күміс алқа иелеріне де тегін көрсетіледі. Одан бөлек, тіс дәрігерінің көмегін 1, 2, 3 топ мүгедектері де ақысыз ала алады. Мұндай емдеу шаралары өңір аудандарындағы 13 ауруханада жүргізіледі. Тағы, Петропавлдағы облыстық стоматология мен 6 бірдей жеке мекемеде мамандар тұрғындарды қабылдайды.

Владимир Неприн – Жеке стоматологиялық емхана бас дәрігерінің орынбасары:

– Бірақ біз, қазіргі таңда өкінішке қарай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тісті протездемейміз. Дегенмен, осы қызметті қажет ететін және Чернобыль атом станциясының зардабын жоюға қатысқан және Ауған соғысында болған жандар бізге келе алады. Оларды мамандар қарап, құжат рәсімдейді. Оны халықты әлеуметтік қорғау департаментіне апару қажет. Сонда аталған ведомство жолданған өтініш бойынша емдеуге қаржы бөледі.

Жалпы, жыл басынан бері медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы өңірдегі емдеу мекемелерімен 79 келісімшарт жасасыпты. Оның құны – 30 млрд теңге. Айта кетейік, былтыр стоматологиялық қызметке 298 млн теңге бөлініпті. Осының арқасында 500-ден аса жүкті әйел, 3000 мыңға жуық зейнеткер тегін тістерін емдеткен.

Байболат Бектемірұлы