Спорт

Әскерилер президенттік көпсайыстан сынға түсуде

Петропавлдағы 6637 әскери бөлімінде бүгін президенттік көпсайыстан жарыс жалауын желбіретті. Жыл сайынғы додаға қатысушылар биыл 7 бірдей қаладан жиналып отыр. Олар спорттың 3 түрінен екі күн бойы сынға түседі.

Плацта ең шымыр әрі төзімді сарбаздар, келісімшарт бойынша әскери қызметкерлер мен офицерлер сапта тұр. Олар “Орталық” өңірлік қолбасшылығының құрамына кіретін 7 әскери бөлімнен, яғни өзіміздің Петропавлдан бөлек Қарағанды, Теміртау, Көкшетау, Қостанай, Степногорск және Астана қалаларынан жиналған. Алдағы екі күнде жауынгерлер Президенттік көпсайыста өзара сынға түсетін болады.

Ержан Мұнбаев – ҚР ҰҰ 5516 әскери бөлімінің маманы, Теміртау қаласы:

– Сайыс 3 бөлімнен тұрады. 1-бөлім – пневматикалық қарудан 10 метрге ату, 2- бөлім – белтемірге тартылу. Ал 3-бөлім шаңғымен 10 шақырымға жарысу.

Алғашқы сайыста жауынгерлердің мергендігі сыналды. Олар берілген 20 минуттың ішінде 10 нысанға пневматикалық винтовкадан оқ атты. Әр атылған оқтың шағын шеңберге тиген жеріне қарай спортшыға тиісті ұпай беріледі. Нысанадан мүлт кетпеудің басты шарты – қаруды қолға алғанда терең тыныстап, жинақылық таныту дейді әскерилер.

Бұл жерде турникте тартылу сайысы өтуде. Мұнда енді жауынгерлердің физикалық дайындығы байқалады. Иекті кермеден қаншалықты көбірек асырсаң, құрамаға соншалықты көп ұпай әкелесің.

Махамбет Дощанов – ҚР ҰҰ 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, Қарағанды қаласы:

– 2012 жылдан бері осы жарыстарға қатысып келе жатырмын. “Орталық” ӨҚ құрамасында өнер көрсетіп, былтыр республикалық сайыста 2-орын алдық. Биыл да жеңіске сенемін.

Ертең көпсайысшылар шаңғымен 10 шақырымды еңсермек. Жарыс Борки кентіндегі трассада өтеді. Айта кеткен жөн, бұл бәйгеде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар “Орталық” өңірлік қолбасшылығының намысын биыл Өскеменде өтетін Ұлттық ұланның республикалық спартакиадасында қорғайды.

Саят Ермек