Тұлға

Петропавлда “Айка” кинокартинасының премьерасы болды

Әлемдік киносыншыларды мойындатқан “Айка” фильмі – Петропавлда. Ресейлік режиссер Сергей Дворцевой мен жерлесіміз, үздік актриса атанған Самал Есләмованың 6 жыл бойы еңбек еткен туындысы прокатқа шықты. Қырғыз қызының қиын тағдыры туралы баяндалатын картинаны тамашалауға жерлестеріміз көптеп жиылды.

«Қазақстан» кинотеатрына жиналғандардың қарасы қалың. Себебі, теріскейліктердің назарына бүгіннен бастап әлемге әйгілі «Айка» кинокартинасы ұсынылмақ. Туынды 71-ші халықаралық Канн фестивалінде жоғары бағаға ие болған. Мұндай жүлдені бұрын-соңды талғамы мен талабы жоғары қазылар алқасы ТМД елдерінен шыққан бірде-бір фильмге бермепті. Сергей Дворцевойдың еңбегі көрерменге Айка атты қырғыз қызының Мәскеудегі қиыншылыққа толы өмірін баяндайды. Бұл хикаямен Самал Есләмованың әпкесі Аягөз Сатина танысып үлгеріпті. Айтуынша, сіңлісінің актерлік шеберлігіне әрдайым тәнті болады екен.

Аягөз Сатина – С.Есләмованың әпкесі қазақша:

– Самал «Қазақ батырлары» деген киноға түсті. Сонда Қарасай батырдың анасының рөлін сомдады. Маған өте қатты ұнады. Ана ретінде айтқан сөздері ұнады. Енді, сол аналық бақытты шынайы өмірде де көрсе деген армандамын.

Міне, тура 15 жыл бұрын құрылған кинодуэт те келді. Ресейлік режиссер Сергей Дворцевой мен үздік актриса атанған Самал Есләмованың алғашқы жұмысы – “Тюльпан” кинокартинасы. Бұл – теріскейлік нәзікжандының кино әлеміне жасаған алғашқы қадамы

Сергей Дворцевой – кинорежиссёр:

–  “Тюльпан” фильмін түсіру үшін біз актерлерді іздгенде менің көмекшілерім Петропавлға барып, Самалды видеоға түсіріп әкеліпті. Бір көргеннен-ақ, маған қажет актрисаны тапқанымды түсіндім. Режиссерде өзіне тән ішкі түйсік болады. Самалдың айтқан жауаптары, қараған көзқарасынан сездім. Танысып, жұмыс істей бастағанда оның табандылығын, жауапкершілігі мен талантын көрдім. Ол өзінің жасап жатқан дүниесіне бар жанын салады.

Режиссердің атап өткен қасиеттерін Самал «Айка» киносын жасағанда да көрсете білді. 6 жылға созылған түсірілім барысында актриса сол қалпы қалуы қажет еді. Бір грамм салмақ қосуға да, арықтауға да болмайды. Бұл – нәзікжандының мойнына түскен жалғыз ауыртпашылық емес. Оны киноны тамашалау барысында да түсінуге болады.

Самал Есләмованың кино әлемінде жүргеніне биыл 15 жыл толады екен. Осы уақыт ішінде оның қатысуымен түсірілген “Тюльпан” мен “Айка” фильмдері әлемнің түкпір-түкпірінде көрсетілді. Алайда, актрисаның бүгінгі көрермендері – мүлдем басқа, ерекше. Залда нәзікжандының туған-туыстары, достары, сыныптастары мен мұғалімдері отыр.

Самал Есләмова – 71-ші халықаралық Канн кинофестивалінің үздік актрисасы:

– Еңбек етуге, төзімді болуға үйретті. Себебі, киноны 6 жыл бойы түсірдік.

«Далада қар жауып тұр. Тезірек кино түсіру керек». Бұл – «Айка» туындысын жасаған өнер адамдарының арасында бүгінде қалжыңға айналған сөздер. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл таптырмас мүмкіндік ретінде қарастырылған екен. Фильмнің 6 жыл бойы түсірілгені де сондықтан. Картинаны жасау үшін қыс мезгілі мен жауып тұрған қар, боран қажет болыпты. Ал, мұндай ауа райы Мәскеуде жиі бола бермейтін көрінеді. Дегенмен, ұзақ уақыт бойы жасалған көркем драманың нәтижесі де тұрарлық. Туынды кез келген адамға ой тастап, өмірге деген көзқарасын өзгертпек. Режиссердің көздеген басты мақсаты да осы.

Сергей Дворцевой – кинорежиссёр:

–  Мен бұқаралық ақпарат құралдарынан 200-ден астам қырғыз әйелінің Мәскеудегі перзентханада бауыр еті балаларынан бас тартқаны туралы білдім. Мен, өзім Қазақстаннанмын, Азия елдеріндегі нәзікжандылардың балаларға деген махаббатының ерекше екенін жақсы білемін. Сондықтан, естігенде қатты таңдандым. Әйелдердің мұндай қадамға неліктен барғанын қазбалай бастадым. Кейін, қырғыз қызының өмірі туралы кино түсіру қажеттігін түсіндім.

Жерлестеріміздің көркем драманы “Қазақстан” кинотеатрында тамашалау мүмкіндігі бар. Фильмдің көрсету ақпан айының 27-іне дейін жалғасады.

–  Кино өте ұнады. Алғашқы минуттарынан бастап аянышты. 01-06 Өте уайымдадым. Басқа жақта жүрген бала.

– Тамаша фильм. Жерлесіміз Самал Есләмова – өте қарапайым адам, ал бұл картинада оны жаңа қырынан таныдық.

Эльмира Садвокасова