МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызметке қабылдау критерийлері күшейді

Сапалы, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Бұл – “100 нақты қадам” Ұлт жоспарындағы маңызды басымдықтардың бірі. Сол себепті, осы жылдың басында мемлекеттік қызмет туралы заңға бірақатар маңызды өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұдан бөлек, атқарушы органдардың жұмысына сандық технологияларды ендіруге де қарқын қосылған.

Саят Ермек – тілші:

– Мемлекеттік қызмет – бұл жауапты әрі абыройлы жұмыс. Халық игілігі үшін еңбек ету кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сол себепті, жыл басынан азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдау критерийлері күшейтілді. Бұл процессті оңтайландыру үрдісіне де біраз өзгерістер енгізілген.

Мәселен, мемлекеттік органдарда жұмыс істеуде ниетті азамат заңнамалық білімі тексерілетін және жеке қасиеттері бағаланатын екі сынақ тапсыруы тиіс. Екінші тестілеуде үміткерлердің кейбірі өзін жан-жақты қылып көрсету үшін жеке қасиеттері жайлы жалған ақпарат береді екен. Енді, мұндай қулық іске аспайды.

Рамиль Бахриразиев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

– Үміткердің құзыреттерін бағалау сынағына жауаптардың шынайылығын анықтайтын арнайы сұрақтар енгізілді. Тест нәтижесі бойынша шынайылық көрсеткіші 50 пайыздан жоғары болуы тиіс. Өйтпесе, азамат алдағы бір айда мемлекеттік қызметке алынбайды. 30 күннен соң сынақты қайта тапсыруға болады.

Сондай-ақ, енді мемлекеттік қызметке тұрарда манағы сынақтардан өткенді дәлелдейтін сертификатты алудың еш қажеті жоқ. Себебі, былтыр еліміздің оңтүстігінде бұл құжатты заңсыз жасатып алғандар болған. Мұндай жемқорлық фактілерін болдырмас үшін тестілеу нәтижелері арнайы онлайн-базада сақталатын болады. Бұдан бөлек, түрлі атқарушы органдардың жұмысын оңтайландыруда қолданылып жатқан жаңашылдықтар да аз емес. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті аса белсенді.

Аида Ахметова – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Біз алғашқылардың бірі болып куәліктерден, яғни “корочкалардан” бас тарттық. Олардың орнын кеудеге ілінетін арнайы ID карталар басты. Оның бірнеше оңтайлы функциялары бар. Сондай-ақ, департамент мамандары жалақыларын факторлық-балдық шкала негізінде алады. Яғни, біздің айлығымыз жұмысымыздың нәтижелілігіне байланысты. Бұдан бөлек, қағазбастылықтан арылып, толығымен электрондық құжат айналымына көштік.

Тағы бір маңызды мысал. Бүгінде СҚО-дағы мемлекеттік органдардың басым бөлігінде сағат кешкі 18:30-да компьютерлер автоматты түрде өшіп қалады екен. Кейін техниканы таң атқанша дейін қоса алмайсың. Бұл қызметкерлерді шамадан тыс жүктеуге және заңмен белгіленген 8 сағаттан артық жұмыс істеткізуге жол бермейді.

Саят Ермек