Спорт

Қазақ күресінен облыс біріншілігі өтті

Петропавлда қазақ күресінен 2002 және 2003 жылы туылған ұлдар арасында облыс біріншілігі өтті. Дәстүрлі жарыста өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиылған палуандар бақ сынады. Олар өзара бәсекеге түсіп, ел чемпионатына қатысуға мүмкіндік беретін жолдаманы сарапқа салды.

Қазақ күресінен ұйымдастырылып отырған облыс біріншілігі 100-ге жуық жастың басын қосты. Олар бүгін 7 салмақ дәрежесі бойынша күреседі. Осылайша жүлдегерлер анықталып, өңір құрамасы жасақталмақ. Кейін, сол өрендер наурыз айында ел чемпионатына баратын болады.

Болат Нұртазин – жарыстың төрешісі:

–  Ақтөбе қаласында ел чемпионаты өтеді. Соған іріктеу жарысы. Сайысқа өңіріміздің әр ауданынан палуандар келді. Енді, осы жастардың ішінен 1-ші, 2-ші, 3-ші орын алған балалар облысымыздың намысын Қазақстан біріншілігінде қорғайды.

Облыс құрамасына алыну – әр палуанның мақсаты. Сол себепті болар, ұлттық спортты жандарына серік еткен ұлдар көсіле күресіп, жиналғандарға тартысты кездесулер ұсынды.

Петропавлдық Мирас Балапан мен ақжарлық Айбек Арғынның арасында да белдесу қызу өтті. 57 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасқан жастар бір-біріне жиі әдіс жасап, “бүк”, “жамбас”, “жартылай жеңіс” сынды ұпайларды еншіледі.

Осылайша 4 минут та өте шықты. Нәтижесінде Мирастың ұпайы басым болып, ол жеңіске жетті.

Мирас Балапан – жарысқа қатысушы:

– Жаңа ғана бірінші айналымда күрестім. Қарсыласымды жеңдім. Менімен күрескен бала мықты палуан екен. Жақсы дайындалып келіпті. Енді, осы сайыста жақсы өнер көрсетіп, ел чемпионатына баруға үміттенемін.

Жарыс соңында жүлдегерлер мақтау қағаздары және медальдармен марапатталды.

Байболат Бектемірұлы