Аптадағы маңызды жаңалықтар

Агроөнеркәсіп кешенінің кеңейтілген алқа отырысы өтті

Өңірде ет экспорты төмендеген. Мал сою қосындарының жағдайы сын көтермейді. Бұл мәселелер агроөнеркәсіп кешенінің кеңейтілген алқа отырысында талқыланды. Ал жүктелген міндетке салғырт қараған аудан әкімдері мен басқарма басшыларына сын айтылып, жағдайды түзету бойынша тапсырмалар берілді.

Өткен жылы өңірдің жер емген диқандары 5,2 млн тонна алтын астықты қамбаға құйды. Десе де, бірқатар аудандарда, атап айтсақ, Шал ақын, Тимирязев, Тайынша, Айыртауда егіннің шығымдылығы төмен. Майлы дақылдардағы гектар берекелігі де кей жерлерде көңіл көншітпейді.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Тимирязев, Жамбыл, Айыртау, Ақжар, М.Жұмабаев және Ғ.Мүсірепов аудандары облыстық көрсеткіштен төмен нәтиже көрсетті. Бұлардағы шығымдылық гектарынан 8-9 центнерден әрі аспапты. Минералды тыңайтқыштарды жерге сіңіруге де кей аудандар асықпайды. Айталық, өткен жылы Айыртау, Аққайың, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов және Уәлиханов аудандары ең аз көлемде алған.

Сондай-ақ, Жамбыл, Ақжар, Тайынша, және Шал ақын аудандарында тұқым жаңарту шаралары сылбыр жүргізіледі екен. Ал уәлихановтық диқандар өткен жылы мүлдем тұқым алмастырмаған.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Жақсы өнім алу үшін минералды тыңайтқыштарды енгізу, тұқым алмастыру, өсімдік аурулары және зиянкестермен күрес – жалпы қажетті барлық шараларды жүргізу қажет. Бізде кейбір шаруашылықтар бұған немқұрайлықпен қарайды. Ал ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, аудан әкімдері мен орынбасарлары тиісті жұмыс атқармайды.

Шаруашылықтар цифрландыру шараларына да баса назар аудара бермейді. Сөйтіп, өткен жылы аяқталуы тиіс / алқаптарды цифрлау шаралары бірқатар аудандарда енді ғана басталып жатыр. Бұл шаруа наурыздың 1-іне дейін тындырылуы тиіс деп Айдарбек Сапаров қатаң ескертті. Кей аудандар ет, сүт және жұмыртқа өндірісін де төмендетіп алған. Экспорттау бойынша берілген тапсырманы тек М.Жұмабаев және Уәлиханов аудандары ғана орындапты. Бұл ретте өзгелерінің көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Айыртау ауданы сыртқы нарыққа бар болғаны 1-ақ тонна ет саудалаған.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– 1 тонна деген ұят қой. Крупный район. Аудан әкімдері осыған қалай қарап отыра аласыздар?! Жұмыс жоқ қой ауданда. Почти по всем показателям.

Өңірде малдарды идентификациялау жұмыстары да ақсап тұр. Елді мекендердегі мал союға арналған қосындардың сырт келбеті, тіпті сын көтермейді.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Сұмдық қой мынау. Ауданды басқарып отырып, мұндай жағдайға қалай жол бердіңіздер. Қалай ұялмайсыздар?! Қалай малды союға болады мынадай жерде?! Жағдай жасалмаған. Су жоқ. Ветеринарлық инспекцияға ескерту. Абдоллаев сізге де.

Қажет болса, жауапты мамандарға айыппұл салып, бұл жағдайды реттеу керек деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Өйткені, әрі қарай бұлай жалғаса бермеуі тиіс. Осы ретте
Айдарбек Сапаров ветеринАрия басқармасы мен инспекцияның жұмысын сынға алды.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары: 

– Жуырда «Дайындық» серіктігінің директоры Біржан Шаймерденов Германияға барып, малды алуға тыйым салынғанын сонда ғана білген. Кейін оған Австрияға баруға кеңес беріпті. Онда да сондай жағдай. Кәсіпкерлер осылай сабылып жүрмес үшін сіздер ақпаратты уақытылы беріп отыруларыңыз керек. Сондықтан, екі ведомство басшысына да ескерту жасаймын.

Өңірде мақсатсыз пайдаланылып жатқан егістік жерлерді қайтару бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде. Бірақ, бір мәселе – көптеген аудандарда жер инспекциясының мамандары тапшы. Кадр жетіспеушілігі аудандарды былай қойғанда, облыс орталығында да сезілуде.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Петропавлда жер мәселесіне қатысты проблема шаш етектен. 10 мың адам учаске кезегінде тұр. Жағдайды реттеу қажет. Ал сіздер әлі күнге дейін инспектор таба алмай жүрсіздер! Осы іске жауапты қала әкімінің орынбасарына ескерту жасаймын. Жуық арада қажетті қызметкерді табыңыздар.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсететін қор өкілдері мемлекет ұсынып отырған тиімді бағдарламалар жайлы айтты. Тағы жиын соңында балық, аңшылық және орман шаруашылықтары жайлы сөз қозғалды. Өткен жылы өңірде алқаптарды 146 рет өрт шалған. Бір өкінішістісі, бүгіндері аудандарда ерікті өрт сөндіру құрылымдары жоқ екен. Олар қағаз жүзінде ғана жұмыс істейтін болып шықты. Қазіргі таңда теріскей ормандарының жағдайы бірқалыпты болғанымен кей жерлерде шіріп жатқан тоғайларды да байқауға болады. Ондай 22 мың гектар орман бар екен.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Тоспаңдар. Далада қалады. Не өздерің емес, не біреуге емес. Халыққа таратып берейік. Отынға берейік. Екінші жылы ол жарамайды. Сондықтан, жапырақтары түскен соң таратып беріңдер.

Ал Ақжар, Аққайың, Тайынша, Тимирязев және Шал ақын аудандарында әлі күнге дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды төгуге / арнайы жер бөлінбей келген. Жиында оны да реттеу тапсырылды.

Мағжан Ахмадина