Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшылары оқушылармен кездесті

Өңірдің тәртіп сақшылары оқушылармен кездесу ұйымдастырды. Оның барысында ішкі істер орган мамандары нашорлықтың алдын алу мақсатымен біраз деректерге тоқталып өтті. Сондай-ақ, жеткіншектерге қызметтік құрылғылар мен полиция көлігі де таныстырылды. Бұл шара «Жасөспірім, заң және қауіпсіздік» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр.

Есірткі – ғасыр індеті. Улы затқа жастар әуес болмауы үшін алдын алу жұмыстарына баса мән беру қажет. Осы ретте тәртіп сақшылары үнемі жас азаматтармен кездесіп, оларға есірткінің зияны туралы айтады. Сондай шаралардың бірі – «Жасөспірім, заң және қауіпсіздік» акциясы аясында қаладағы 1-ші орта мектепте өтті. Оқушыларға «Тұздар мен спайс, құрдымға апарар жол» атты фильм көрсетілді.

Артем Литвиненко – М.Айтқожин атындағы №1 орта мектебінің оқушысы:

– Фильмде нашақорлардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы баяндалған. Есірткінің салдары туралы айтылды. Тәртіп сақшылары салауатты өмір салтын ұстанудың жолдарын түсіндіріп берді.

Бейнетіркеуіш, радиостанция және дыбыс ұлғайтқыш жайлы балғындар естіген. Бірақ, бұрын-соңды құралдарды ұстап көрген емес. Бұл жолы олардың жұмысымен танысып, тіпті жол сақшыларының қызметтік автокөлігіне де отырды. Полицейлердің бронежилеті мен бас киімін де киіп көрді.

Таисия Рогожникова – №8 орта мектебінің оқушысы:

– Полицейлердің қолданатын құрылғыларын тамашаладық. Арнайы киімдерін киіп суретке түстік. Өте қызықты шара. Маған ұнады.

«Жасөспірім, заң және қауіпсіздік» акциясы асында тәртіп сақшылары орын алған заңбұзушылықтарды да анықтайды. Сөйтіп, шараның алғашқы күні-ақ, ювеналдық полиция қызметкерлері 8 әкімшілік хаттама толтырған. Оның 4-уі түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз көшеде жүрген жеткіншектерге қатысты. Аталған республикалық акция ақпанның 15-іне дейін жалғаспақ.

Байболат  Култанов