Қоғам

Облыстық қолданбалы өнер көрмесі өтті

Қамыр пластикасы, тоқу, көркемдік металл мен ағаштан жасалған бұйымдар. Петропавлда дәстүрлі облыстық қолданбалы өнер көрмесі өтті. Бұл жолы теріскейлік шеберлер жұртшылық назарына 7 аталым бойынша 300-ден аса тырнақалды туындыларын ұсынды.

Ұлы даланың көне мұрасы. Жамбыл ауданына қарасты Айтуар орта мектебі оқушыларының әзірлеген туындысы дәл осылай аталады. Киіз үйдің 7 есе кішірейтілген үлгісі басқаларынан өзгеше. Себебі, әдетте қолөнершілер ескермей қалатын тұстары бар. Мысалы, композицияда белбау мен желбау орын тапқан. Соңғысын бұрынғы кезде қонысты жел ұшырып әкетпес үшін тастарға байлап қойған екен. Ата-бабамыздан қалған мұраның бұндай егжей-тегжейлерін кейінгі ұрпақ біле бермейді. Сондықтан, Гайдар Әбдірешов бұны оқушыларға таныстыру мақсатында осы жұмысты қолға алған екен. Бұл киіз үйдің тағы бір ерекшелігі – ол жай ғана макет емес, көне замандағыдай жиналмалы қылып жасалынған.

Гайдар Әбдірешов – Айтуар орта мектебінің директоры, Жамбыл ауданы:

–  Ұлттық тәрбиеде, бала тәрбиесінде киіз үйді көрсету – біздің негізгі мақсатымыз.

Көшербай Қасымовтың жетекшілігімен жасалған туынды да барша жұртшылықтың назарын өзіне аудартқаны рас. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтқан бағыттар дәл осы композицияда көрініс тауып отыр. Алтын адам, атқа міну, металлургия, аң стилі, түркі әлемінің бесігі, Ұлы жібек жолы, алма мен қызғалдақ отаны атанған – Қазақстан. Тарихи маңызы зор туындыны жасау идеясы Көшербай Қасымовтың өзіне тиесілі екен.

Көшербай Қасымов – Өнер мектебінің ағаш ою үйірмесінің жетекшісі, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Мен оқушыларға тарихымызда айтып, осындай идея тастадым. Кейін олар ұсыныстарын айтты.

Ғ.Мүсірепов ауданындағы Өнер мектебінің оқушылары өз жұмыстарында 2 жылдай кептіріліп тұрған қайың мен қарағай ағаштарын қолданыпты. Сондықтан, шикізаттың да, одан шыққан нәтиженің де сапасы өте жоғары. Қазақ халқының құндылықтары мен көне мұраларын осылайша жеткізе білген шеберлердің жұмысы қазылар алқасы тарапынан да өте жоғары бағаға ие болды. Айтуларынша, барлығы үйлесімді әрі тартымды.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Қазылар алқасын мына жұмыс та таң қалдырмай қоймады. Өнер иелері бұндай ерекше техникада жасалған туындыны алғаш көруіміз дейді. Қолөнер бұйымы есілдік қос бұрымдыға тиесілі екен. Кілемдік кесте тәсілі бойынша әзірленген еңбекке оқушылар түрлі түсті жіп, мата мен моншақтарды пайдаланыпты.

Жалпы, көрмеге 300-ден астам жұмыс қойылған. Бірінен-бірі өтетін туындылар 7 аталым бойынша бағаланбақ.

Наталья Новикова – қазылар алқасының мүшесі:

–  Біз ең алдымен бұйымның сырт көрінісіне, яғни эстетикасына мән береміз. Кейін технологиялық кезектің сақталуына назар аударамыз. Бұл дәстүрлі сайыс қолөнершілердің шеберлігін шыңдай түседі. Қатысушылардың басым бөлігін жақсы танимыз, себебі жылда қатысып, өз туындыларын ұсынып тұрады. Сонда байқағанымыз, жұмыстардың орындалуы жақсара түседі. Авторлар жаңа ерекше техникаларды меңгеруге тырысады екен.

Өңір шеберлерінің ең үздік деп танылған тырнақалды туындылары марапатқа ие болып, республикалық көрмеге жолданады екен.

Эльмира Сәдуақасова