Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қоғамдық көлік қызметі

Күн сайын 300-ге жуық автобус петропавлдықтарға қызмет көрсетеді. Олар 26 бағыт бойынша қатынайды. Бүгіндері шаһарымызда жолаушылар тасымалымен 10 кәсіпорын айналысады.

Өткен жылы олар автобус паркін 15 қоғамдық көлікпен жаңартқан. Биыл тағы 40-ын алмақшы. Солардың 4-уі мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға арналған құрылғылармен жабдықталмақ. Бүгіннің өзінде қалада ондай 6 автобус бар. Қазіргі таңда қоғамдық көлікпен қатынау құны 80 теңге екені белгілі. Арнайы анықтаманы көрсеткен мектеп оқушылары ғана жарты сомасын төлеп діттеген жеріне жете алады. 80 жастан асқан зейнеткерлер автобуспен жүргені үшін ақы төлемейді. Бұдан бөлек, жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар түрлі акциялар ұйымдастырып тұрады екен. Мәселен, 1-ші қазан – Қарттар күнінде және наурыздың 1-і – Алғыс айту мерекесінде аға буын өкілдері тегін қатынай алады. Ал 1-ші маусым – Балаларды қорғау мейрамында балғындарға да осындай мүмкіншілік жасалып отыр. Бұдан бөлек, 20-ға жуық категория ішіне кіретін тұрғындар 9 жылдан бері автобустарда тегін жүріп жүр.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

–  Бұл категорияларға Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апаты мен Семей полигонының зардабын жоюға қатысқандар, «Асыл ана» және «Ариди» қауымдастықтарының мүшелері мен «Солнечный дом» бірлестігінің өкілдері кіреді. Мүгедек спортшылар мен паралимпиадашылар да автобустармен тегін жүре алады. Аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналардың кейбірі де жаңағы аталған 20 категорияның ішіне еніп отыр. Мұндай шаралар мемлекеттің тұрғындарға деген қамқорлығын көрсетеді.

Магжан Ахмадина