Халық тарих толқынында

Қалалық темір жол колледжінде әскери спартакиада өтті

Сондай-ақ, бүгін Б.Әшімов атындағы Петропавл темір жол көлігі колледжінде кәсіптік білім беру ошақтары студенттерінің арасында әскери спартакиада өтті. Болашақ Отан қорғаушылардың сайысына да қонақ ретінде Ауған соғысының ардагерлері шақырылды.

Сапта – 16-17 жасар колледж студенттері. Болашақ дәрігерлер, агрономдар, мәдениет саласының мамандары мен педагогтар. Олар әлі әскерге барып, темірдей қатал тәртіпті көрмесе де, АӘД сабақтарынан көп нәрсені үйренген. Енді білген-түйгендерін тексеретін кез келді.

Виталий Гутевич – Б.Әшімов атындағы Петропавл темір жол көлігі колледжінің алғашқы әскери дайындық оқытушысы:

– Жарысқа 7 өңірлік колледж құрамалары қатысуда. Әр команда сапында 6 студент өнер көрсетеді. Жарыс 4 сайыстан тұрады. Осылайша, біз ұлдардың әскери дайындықтарын жан-жақты тексеретін боламыз.

Негізі, бұл жарыс жыл сайын өткізіліп тұрады. Бірақ, биылғы дода өзгелерінен ерекше. Ол Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арналған. Орта Азиядағы қырғи қабақ майдан мыңдаған Кеңес жауынгерінің өмірін қиды. Ал, қалған сарбаздар осыдан тура 30 жыл бұрын, 1989 жылдың 15-ші ақпанында елге оралған болатын. Солардың бірі – жерлесіміз Мұратбек Қожахметов.

Мұратбек Қожахметов – Ауған соғысының ардагері:

– Патриоттық сезім деген бар. Соны көтеру керек. Әр жерде осындай жарыстарды өткізу қажет. Кішкентай кезінен балаларға үйрету керек.

Сонымен, дайындықты пысықтайтын сәт келіп жетті. Алғашқы әрі ең қиын сайыс – әскери кедергілер жолағы. Алдымен бозабалар тікенді сым астынан жорғалап өтеді. Кейін магазинді оқ-дәріден босатады. Бұдан соң Калашников автоматын шашып-жинайды. Осының бәрін шапшаң әрі сапалы орындау қажет.

Бұл да соңы емес. Тағы противогаз киіп, зембілдегі жараланған жауынгерді қауіпсіз жерге жеткізу қажет. Яғни, бұл сайыс – жасөспірімдердің алғашқы әскери әзірлігі сыналатын шақ. Кей құрамалар тапсырмалардан мүдірмей өтіп жатса, өзгелері, керісінше, қателіктерге бой алдыруда. Ал, екінші сайыс – азаматтық қорғаныс.

Саят Ермек – тілші:

– Көпке белгілі противогаз – химиялық және биологиялық қарудан қорғайтын таптырмас құрал. Ол өткен ғасырдың басында ойлап табылған, бірақ әлі күнге дейін маңыздылығын жоғалтпай келеді. Сондықтан, болашақ Отан қорғаушылар бүгін противогазды уақытқа киюден де сынға түсуде. Норматив 7 секунд.

Бірақ, мұндағы басты критерий – жылдамдық емес. Противгаз кигенде аса мұқият болу қажет. Өйткені, қорғаныс құралы басқа тығыз жатпаса, тыныс жолдарына зиянды заттар өтіп кетуі мүмкін. Сондықтан, жарыс төрешілері тапсырманың дұрыс орындалуын жіті тексеруде. Барлық сайыстардың қорытындысы бойынша сынға түскен 7 кәсіптік білім ошағының ішінен қалалық темір жол көлігі колледжінің жігіттері топ жарды. Күміс пен қола жүлделерді медициналық және М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждердің құрамалары өзара бөлісті.

Саят Ермек