Денсаулық сақтау

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Эпидемиологиялық маусым басталғалы 60 солтүстікқазақстандық тұмаумен ауырыпты. Ал тағы 19 мыңға жуық адам жедел респиратОрлық вирустық инфекция жұқтырған. Олардың дені 14 жасқа дейінгі балалар екен.

Күз, қыс мезгілінде, яғни ауа райы суытқан кезде тұмаудың күшейетіні белгілі. Сондықтан, аурудың уақытылы алдын алмасаңыз арты соқпақты болуы мүмкін дейді мамандар.

Айнаш Сағандықова – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы:

– Эпидемиологиялық маусым басталғалы өңірде 60 адам тұмау жұқтырған. Оның 98,3 пайызы – «А», ал 1,7 пайызы – «В» типті тұмау.

Ал жедел респиратОрлық вирустық инфекцияны 18 мың 920 солтүстікқазақстандық жұқтырған. Олардың көбі, яғни 11 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар екен. “Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде” деген қағиданы ұстанғандар уақытылы екпе жасатқан.

Айнаш Сағандықова – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы:

– Жергілікті бюджет қаражатынан адамдардың осал топтарына 60 мың доза вакцина егілді. Және де облыс бойынша тұмауға қарсы 70 596 екпе егілді. Жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 10 433 адам вакцина алған. Ал өз қаражаты есебінен егілгендер саны – 163 адам.

Ауа арқылы тарайтын вируспен күресті солтүстікқазақстандықтар күнделікті жүргізетін көрінеді. Олардың көбі спорт кез келген ауруға төтеп береді деген сенімде.

– Спортпен шұғылданамын. Бал жеймін. Витаминдер ішімен.

-Үнемі пияз, сарымсақ жеймін. Үйде бал, лимонмен шай ішеміз. Жаяу жүріп, салауатты өмір салтын ұстанамын. Сол себепті, 3 жылдан бері ауырған емеспін.

– Спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанамын. Оның үстіне жылда екпе жасатамын. Шамалы суық тиіп қалса, бірден дәрі-дәрмек алып емделемін.

Мамандар эпидемиологиялық маусым басталғалы бірде-бір мектеп, балабақша карантинге жабылған жоқ деп отыр. Ондағы температуралық режим күнделікті тексеріліп, қанша баланың келгендігі қадағаланады.

Мағжан Ахмадина – тілші:

– Тұмауды жұқтырып алмас үшін мамандар үнемі бөлмені желдетіп отыру керек дейді. Ал егер адамдар көп шоғырланған жерлерге баратын болсаңыз, онда маска киіп, не мұрынға жағылатын арнайы жақпаларды қолданған дұрыс.

Мағжан Ахмадина